Өскеменнің бұрынғы әкімі әрі ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі жалғасуда деп хабарлайды Ertenmedia.kz YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
31 наурыз күні сот отырысы тараптардың жарыссөзімен жалғасты. Прокурор Жақсылық Омарға алаяқтық пен пара алу бойынша айып тағып, оны 6 жылға бас бостандығынан айыруды, сонымен қатар мемлекеттік қызмет, жергілікті өзін-өзі басқару және квазимемлекеттік секторда лауазым иелену құқығынан айыруды сұрап отыр.
Дегенмен…
Прокурор айыпталушының бұрын сотталмағанын, жеті баланың әкесі екенін ескеруді өтінді. Алайда мемлекеттік қызметкер антын бұзу жағдайы айыпталушының кінәсін ауырлататын фактор ретінде аталды.
Істің бірінші эпизоды Жақсылық Омар Өскемен әкімі болған тұсқа тиесілі. Тергеу дерегіне сай, ол мәдени мекеме басшысынан ірі кәсіпорынға хат жазып, қызметтік автокөлік сұратуды өтінген. Нәтижесінде, Toyota Camry автокөлігі қала әкімдігіне жеткізіліп, кейін үшінші тұлға атына қайта рәсімделген. Соңында көлік trade-in бағдарламасы арқылы жаңа модельге ауыстырылған.
Екінші эпизод бойынша Жақсылық Омардың ШҚО әкімінің бірінші орынбасары болып тұрған кезіндегі әрекеттері қаралуда. Айыптау тарапының мәліметінше, ол қала әкімдігінің жоғары лауазымды қызметкерінен 20 млн теңге талап еткен.
Ақша бірнеше бөлікпен берілмек болған, алғашқы транш ретінде 6 млн теңге беріліп, күдікті ұсталған сәтте одан 5,6 млн теңге тәркіленген. Бұл әрекеттер ҰҚК бақылауымен жүзеге асқан.
Сонымен қатар…
Жәбірленуші соттан айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.
Жақсылық Омардың қорғаушылары айыпталушы кінәсін толық мойындағанын, тергеуге жан-жақты көмектескенін, мемлекет қаржысын жымқырмағанын және барлық шығынды өтегенін алға тартуда. Сондай-ақ оның қарт ата-анасы мен жеті баласының бар екендігін айтып, бас бостандығын шектемейтін, айыппұл түріндегі жазаны сұрады. Адвокаттар бұрынғы әкімнің қаланы дамытуға қосқан үлесін де ескеруді өтінді.
Келесі сот отырысы сәуір айының басында өтеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







