Қазақстанда алаяқтардың жаңа тәсілі тарала бастады. Ішкі істер министрлігі азаматтарды сақ болуға шақырып, қаскөйлер енді өздерін компания басшысы, мемлекеттік орган өкілі немесе жоғары оқу орнының жетекшісі ретінде таныстырып жүргенін ескертті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар жалған аккаунттар мен бөтен нөмірлерді пайдаланады. Олар қызметкерлерге телефон арқылы немесе мессенджерлермен хабарласып, әдейі үрей туғызады. Көбіне «деректеріңіз сыртқа шығып кетті», «ақшаңызға қауіп төніп тұр», «шұғыл әрекет ету керек» деген мазмұнда сөйлейді. Осылайша адамды асықтырып, ойлануға мұрша бермей психологиялық қысым жасайды.
Одан кейін жәбірленушіге жақын арада «маман», «қауіпсіздік қызметінің өкілі» немесе «құқық қорғау органы қызметкері» хабарласатынын айтады. Солардың айтқанын бұлжытпай орындау қажет екенін ескертеді. Нәтижесінде азаматтарды «қауіпсіз шотқа» ақша аударуға көндіреді. Шын мәнінде бұл – алаяқтардың өз есепшоты. Қаражат түскеннен кейін олар байланысын бірден үзеді.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, қаскөйлер қазіргі технологияны белсенді пайдаланып отыр. Соның ішінде телефон нөмірін алмастыру және дауысты өзгерту тәсілдері бар. Бұл олардың сөзін шынайы етіп көрсетіп, адамдардың күдігін азайтады.
Министрлік маңызды бір жайтты тағы еске салды. Банк қызметкерлері де, мемлекеттік орган өкілдері де телефон арқылы ақша аударуды ешқашан талап етпейді. Сондықтан бейтаныс адамның нұсқауын орындауға болмайды. Кез келген ақпаратты тек ресми дереккөз арқылы тексерген жөн. Ал күмән туған сәтте бірден құқық қорғау органдарына жүгіну керек.
Мамандар мұндай жағдайда алаяқтармен әңгімеге кіріп, оларды мазақ қылудың да қауіпті екенін айтады. Тіпті қалжың аралас сөйлесудің өзі артық мәлімет беріп қоюға, кейін қаржыдан айырылуға әкелуі мүмкін.
Қысқасы, алаяқтардың жаңа айласы бұрынғыдан да сенімді көрінеді. Сондықтан бүгін ең мықты қорғаныс – сабыр, сақтық және ресми ақпаратқа ғана сену.
Испандар ескі Қазақстанның экспанциясына тағы да қарсы шықты…
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







