Еуропа елдері деректерді электр тоғымен емес, жарық сәулесімен өңдейтін жаңа буын компьютерлік чиптерін жасау бойынша әлемдік көшбасшыға айналуға ниетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қазіргі микроэлектроника нарығында АҚШ, Тайвань және Қытай компаниялары үстемдік құрып отыр. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Еуропа одағы «PIX Europe» бағдарламасына 400 миллион еуро (шамамен 450 миллион доллар) қаржы бағыттады. Жобаның негізгі мақсаты — интеграцияланған фотоникалық чиптер (PIC) өндірісін дамытып, жаһандық жаңа толқында озық орынға шығу.
Электрон орнына жарық: фотоникалық чиптің артықшылығы неде?
Бүгінде смартфоннан бастап жасанды интеллектіге қызмет көрсететін ірі дата-орталықтарға дейін кәдімгі электронды чиптермен жұмыс істейді. Мұндай микрочиптер ақпаратты сымдар мен транзисторлар бойымен электрондарды тасымалдау арқылы өңдейді. Алайда бұл процесс орасан зор электр қуатын талап етіп, құрылғылардың қатты қызып кетуіне әкеледі. Ал оларды салқындату заманауи серверлік орталықтардың ең үлкен шығынына айналды.
Фотоникалық чиптер ақпарат алмасу үшін жарық бөлшектерін — фотондарды қолданады. Мұндай тәсіл деректерді әлдеқайда жылдам тасымалдауға, энергия шығынын күрт азайтуға әрі қызу деңгейін төмендетуге жол ашады.
Нидерландтың TNO зерттеу институтының директоры Тон ван Мол жаңа технология дәстүрлі микросұлбалардың өткен ғасырдағы даму қарқынын қайталайтынына сенімді.
«Фотоникалық чиптер үлкен серпіліс қарсаңында тұр. Оптикалық чиптердің қазіргі жағдайы электронды чиптердің осыдан 40–50 жыл бұрынғы кезеңіне ұқсайды», – деді зерттеу институтының өкілі Тон ван Мол.
Оның сөзінше, бұрынғыдай барлық өндірісті АҚШ пен Қытайға тәуелді етіп қою тиімсіз болғандықтан, Еуропа құрлығы өз аумағында жеке өндірістік базасын жасақтауды ұйғарған. Мұның бәрі «Еуропалық чиптер туралы заң» (European Chips Act) аясында қолға алынуда.
Эйндховендегі зауыт және өндірістік секіріс
Жобаның практикалық кезеңі Нидерландтың Эйндховен қаласындағы High Tech Campus аумағында жүзеге асырылып жатыр. TNO институты мұнда аумағы 10 мың шаршы метрді құрайтын жаңа тәжірибелік зауыт құрылысын жүргізуде. Жоба құны 150 миллион еуродан асады және кәсіпорын 2030 жылға қарай толық іске қосылады деп жоспарланған.
Қазір дүниежүзі бойынша мұндай өнімдер негізінен төрт дюймдік пластиналарда шығарылады. Ал Эйндховендегі өндіріс алты дюймдік индий фосфиді пластиналарын пайдалануға бағытталған. Бұл өндіріс көлемін арттырып, өзіндік құнды айтарлықтай төмендетеді.
Зауыт ортақ өндірістік модель (foundry model) бойынша қызмет көрсетеді. Яғни компаниялар жүздеген миллион еуро жұмсап өз зауытын салмай-ақ, өздері жобалаған чиптерді осы кәсіпорында тапсырыспен дайындап ала алады. Бұл бағытта әлемдегі ең озық литографиялық жабдықтарды шығаратын нидерландтық әйгілі ASML компаниясының мүмкіндіктері пайдаланылады.
Жаһандық бәсеке және Еуропаның стратегиялық мақсаты
ASML компаниясының бұрынғы атқарушы басшысы Петер Веннинк фотоника нарығы таяу он жылда кемінде 10–20 есе ұлғаятынын айтып, бұл бастаманы Еуропаның цифрлық экономикасының трамплині деп бағалады. Бұл пікір өндірісті кеңейту қажеттігін дәлелдей түседі.
Дегенмен бәсекелестер де қарап отырған жоқ. Биыл жазда АҚШ-тың Coherent компаниясы Nvidia корпорациясының қолдауымен Техаста индий фосфидінен жасалатын 6 дюймдік өндіріс желісін іске қосты. Жобаға АҚШ үкіметі 50 миллион доллар қаржы бөлген.
Еуропалық қауіпсіздікті зерттеу институтының сарапшысы Йорис Теер бұл бағыттың құрлық үшін неліктен маңызды екенін түсіндірді.
«Жоғары қуат пен еңбек шығындары, мамандар тапшылығы және жеке капиталдың аздығы себепті Еуропа өнеркәсіпті жаппай қайта құра алмайды. Алайда фотоника саласында көш бастаса, болашақ жасанды интеллект технологиялары белгілі бір деңгейде Еуропаға тәуелді болады», – деп атап өтті сарапшы Йорис Теер.
Еуропаның бүгінгі 400 миллион еуролық бастамасы — болашақ технологиялар бәсекесінде жетекші орынға шығып, цифрлық дербестікті қамтамасыз етуге бағытталған батыл қадам.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







