Қазақстан мен Украина полицейлері Днепр қаласында орналасқан, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың алаяқтық колл-орталықтарының жұмысын тоқтатты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Арнайы операция барысында үш ірі колл-орталықтың жұмысына тосқауыл қойылды. Қазақстан, Украина және Еуропа елдерінің азаматтарын алдаған қылмыстық топ өздерін «инвестициялық компаниялардың қызметкеріміз» деп таныстырып, тұрғындардың жеке мәліметі мен банк есеп-шотына қол жеткізген.
«Қылмыстық топ мүшелері ұзақ уақыт бойы азаматтарды жалған инвестицияларға тартумен айналысып, олардың есепшоттары мен цифрлық активтерін ұрлаған. Сондай-ақ, интернетте танымал инвестициялық платформалар мен криптобиржалардың көшірмесін жасап, құрбандарын шатастырып отырған», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Тергеу барысында алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, махаббат қатынастарын орнату арқылы ақша жымқырған «романтикалық» схемаларды қолданғаны да анықталды.
Днепрде өткен операция аясында…
Бір мезгілде 40 мекенжайда тінту жүргізіліп, 53 Украина азаматы ұсталды. Оның ішінде басты рөл атқарған сегіз адам уақытша ұстау изоляторына қамалып, оларға ресми түрде айып тағылды. Қалған тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.
Алдын ала деректер бойынша, операция кезінде 100 мың АҚШ доллары, 90 компьютер, 125 смартфон, алты қымбат автокөлік және атыс қаруына ұқсас зат тәркіленген.
Екі елдің полицейлері тергеуді жалғастырып, алаяқтардың құрбандары мен қосымша сыбайластарын анықтап жатыр. Сондай-ақ, келтірілген шығынның жалпы көлемі есептелуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







