Сенатор Марат Қожаев жол қозғалысы ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерге жазаны қатайтуды талап етіп, премьер Бектеновке сауал жолдады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қожаевтың пікірінше, қазіргі айыппұл жүйесі тәртіп бұзған жүргізушілер үшін тежеуші фактор болудан қалған. Керісінше, жүргізушілер айыппұлды «жолдағы жайлылық пен жылдамдық үшін төленетін ақы» деп қабылдайды.
«Көптеген жүргізушілер үшін әкімшілік айыппұл профилактикалық мәнін жоғалтып, жылдамдықты асыру мен еркін қозғалу үшін қажетті шығынға айналған», – деді сенатор.
Статистикаға сүйенген депутат жол апаттарының 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен, көбіне жылдамдық режимін сақтамаудан болатынын айтты.
Ол қазіргі қолданыстағы бейнебақылау жүйесінің кемшіліктерін де сынға алды. Жүргізушілер тек камера орнатылған тұста ғана жылдамдықты төмендетіп, одан кейін қайтадан ережені бұзады.
«Жүргізушілер жол ережесін сақтауды емес, камераны айналып өтуді үйренген», – деді ол.
Осыған байланысты Қожаев қала мен елді мекендерде де жүргізушінің орташа жылдамдығын өлшейтін жүйені енгізуді ұсынды.
Сондай-ақ…
Сенатор тұрақты түрде тәртіп бұзатындар үшін жауапкершілікті қатайтуды талап етіп, бірқатар ұсыныстарын жариялады. Оның ішінде:
- тұрақты тәртіп бұзушыларға айыппұл бойынша жеңілдіктерді алып тастау;
- мұндай жүргізушілердің жол ережесінен қайтадан емтихан тапсыруын міндеттеу;
- құқықтарын қалпына келтіру үшін қосымша сынақ енгізу;
- жүргізуші куәлігінен айыру мерзімін ұлғайту;
- өрескел тәртіп бұзушылықтар үшін әкімшілік қамауға алу.
Одан бөлек, сенатор ауыр тәртіп бұзушылық жасағандарды психологиялық тексеруден өткізіп, олардың мінез-құлқын кешенді түрде бағалауды да ұсынды.
«Мәселе тек жол ережесін бұзу фактілерін анықтау ғана емес, жүргізушінің мінез-құлқына терең талдау жасауда», – деді Қожаев.
Сондай-ақ депутат ережені сақтайтын жүргізушілерді ынталандыру қажет екенін айтты. Ынталандырудың ықтимал шаралары ретінде міндетті сақтандыру құнын төмендету, түрлі қызметтерге жеңілдіктер беру ұсынылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







