Батыс Қазақстан облысында жылу және электрмен қамтамасыз ету бойынша маңызды жобалар табысты жүзеге асып жатыр. ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ермек Маржықпаев пен облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңірдегі жылу энергетикасы нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Алдымен Үкімет басшысының кеңесшісі Оралдағы жылу электр орталығына барып, жуырда күрделі жөндеуден кейін іске қосылған жапондық «Hitachi» газ турбиналық қондырғысының жұмысымен танысты. 20 жыл бұрын орнатылған турбинаны жөндеу жұмыстары бастапқыда кешіккенімен, облыс басшылығының жедел әрекетімен бұл мәселе шешімін тапты. 2023 жылы облыс делегациясы Жапонияға арнайы барып, зауытпен тікелей келісімшарт жасасты. Нәтижесінде, қуаты 28,5 МВт турбина толық қалпына келтіріліп, іске қосылды.
Облыс әкімі өңірде энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған 2023-2025 жылдарға арналған өңірлік жол картасының орындалуы жайлы баяндады. Бағдарлама аясында биыл инженерлік желілер жаңартылып, жеке инвестициялар көлемі артқан.
Сонымен қатар, Ермек Маржықпаев «Жайықжылуқуат» АҚ материалдық-техникалық қамтамасыз ету қоймасына барып, құрылыс материалдарының сапасын тексеріп, алдағы жұмыс жоспарын талқылады.
Бәйтерек ауданында жүріп жатқан жалпы құны 12,4 млрд теңгелік жерасты сулары кен орнының сужинағыш құрылыстары да басты назарға алынды. Бұл нысан іске қосылған соң, 360 мың абонент тұрақты сумен қамтамасыз етіледі. Алайда қаржы мәселелеріне байланысты кестеден кешігу қаупі бар. Ермек Маржықпаев бұл мәселені бақылауға алып, қажетті шешім қабылдауға уәде берді.
Соңғы үш жылда өңірде 13 млрд теңгеге 12 жоба іске асып, 6 мың шақырымға жуық электр желілері жаңартылды. Екі жаңа қосалқы станса мен өндірістік жөндеу базасы салынды. Қазіргі таңда ұзындығы 138 шақырым электр желісін жаңғыртуды көздейтін үш кезеңнен тұратын ірі жоба іске асуда. Оның аясында «Зачаган – Переметный», «Переметный – Тасқала», «Чапаев – Қабыршақты» бағыттарына 110 кВ жоғары кернеулі электр желілері тартылып, өңірдегі елді мекендер сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмек.
Кеңесші Е.Маржықпаев өңірдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту мәселесі Үкіметтің ерекше назарында екенін атап өтті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







