АҚШ Конгресінің мүшесі Тим Берчетт үкіметтің бөгде ғаламшарлықтар туралы шындықты толық ашуы елді дүрліктіріп жіберетінін мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Теннесси штатынан сайланған конгрессмен Newsmax эфирінде бұл мәселеде қоғам білуге тиіс көптеген шындық бар екенін айтты, бірақ нақты детальдарға тоқталмады.
«Мен қауіпсіздік және барлау қызметтерінің барлығынан дерлік мәлімет алдым. Сеніңіз, мен көрген нәрселерді жариялайтын болса, сіз ұйықтай алмай қаласыз», – деді ол.
Берчеттің айтуынша, екі апта бұрын жасалған құпия брифингтегі ақпарат елдің негізін шайқалтарлық сипатта болған. «Егер халық сол күні мен естігендерді естісе, ел дүрлігіп кетер еді», – дейді ол.
Конгрессмен, сондай-ақ, соңғы жылдары белгісіз себеппен жоғалып кеткен немесе қайтыс болған ғалымдардың тағдыры алаңдататынын жеткізді. Солардың бірі АҚШ Әуе күштерінің отставкадағы генералы Уильям Нил МакКасланд. Ол 2026 жылдың 27 ақпанында Нью-Мексико штатында өз үйінің маңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен.
МакКасландтың әйелі Сьюзан МакКасланд Уилкерсон Facebook желісінде күйеуінің UFO қауымдастығымен байланысы болғанын растады, бірақ оның бөгде ғаламшарлықтар жайлы ерекше ақпарат білмейтінін айтты. Дегенмен, ол әзілдеп «МакКасландты бөгде ғаламшарлықтар алып кеткен шығар» деген болжам жасады.
Берналило округінің шерифі МакКасландтың жоғалуына байланысты Silver Alert жариялап, іздеу жалғасып жатқанын хабарлады.
Берчеттің пікірінше, АҚШ үкіметі бөгде ғаламшарлықтарға қатысты барлық ақпаратты жария етуі керек, себебі бұл «халықтың салығынан жиналған қаражаттың есебінен жасалып жатқан зерттеулер». Оның мәлімдемесі қоғам назарын қатты аударып, қызу пікірталас тудырды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







