2026 жылы Орталық Азия елдері арасында әскери шығындардың жан басына шаққандағы мөлшері бойынша Қазақстан көш бастады. Әрбір қазақстандықтың жылдық әскери шығыны 288 долларды құрады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
SIPRI халықаралық зерттеу орталығының дерегінше, әлем бойынша әскери шығындар 2,6 триллион доллардан асып кеткен. Әлемдік геосаяси жағдайдың ушығуына байланысты бұл көрсеткіш әлі де өсе береді деген болжам бар.
Әскери шығындарды жан басына шаққанда көшбасшы мемлекет Израиль. Бұл елде әрбір тұрғынға жылына 3700 доллар жұмсалады. Тізімде келесі орында АҚШ 2400 доллар, Австралия 2100 доллардан. Ал Германия мен Ресейдің шығындары шамалас жан басына 1500 доллар шамасында.
Ірі мемлекеттер халқының көптігіне байланысты әскери шығындар бойынша төмен көрсеткішке ие. Мәселен, Қытайда әр адамға жылына 214 доллардан, ал Үндістанда небәрі 77 доллардан келеді.
Орталық Азияда Қазақстаннан кейінгі орындарда Түрікменстан (254 доллар) және Өзбекстан (170 доллар) тұр. Қырғызстан мен Тәжікстанның қорғаныс шығындары айтарлықтай төмен сәйкесінше 106 және 43 доллар.
Сарапшылар жан басына шаққандағы әскери шығындар ел экономикасынан бөлек, сол мемлекеттің қауіпсіздік факторларына тікелей байланысты екенін айтады. Қауіп-қатер жоғары болған сайын қорғаныс саласына бөлінетін қаражат та көбейе түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







