Шерзат Полат ісі бойынша сотталған екі азамат Азамат Тоқтаубаев пен Дидар Қалиахмет толық ақталуды сұрап, Жоғарғы сотқа шағым түсірді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл туралы жәбірленуші тараптың қорғаушысы Мейірман Шекеев өзінің бейнеүндеуінде хабарлады. Адвокаттың айтуынша, сотталғандар шығарылған үкіммен келіспей, өздерін кінәсіз деп санап отыр.
– Шерзат Полат ісіне байланысты кассациялық шағымдар берілді. Бірақ бізге бұл шағымдармен танысу мүмкіндігі енді ғана беріліп отыр. Ал сот отырысы ертеңге, яғни 7 сәуірге белгіленген, – деді адвокат өз мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында қайғылы оқиға орын алған еді. Әкесіне дүкенде көмектесіп жүрген 16 жастағы Шерзат Полатты бір топ азамат пышақтап өлтірген. Оқиға кезінде жәбірленушінің әкесі мен ағасы да ауыр жарақат алған болатын. Бұл іс қоғамда үлкен резонанс туғызып, оны тергеуді Ішкі істер министрі Ержан Сәденов өз бақылауына алды. Арнайы тергеу тобы Талғарға жіберілді.
2025 жылдың шілде айында осы іске қатысты 9 адамға үкім шығарылды. Сот басты айыпталушы Абзал Шынасылды Шерзаттың өліміне себеп болған пышақ жарақатын салғаны үшін кінәлі деп танып, оған 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен.
Ал Азамат Тоқтаубаев бұған дейінгі ауыр қылмысы үшін тағайындалған жазаны толық өтемегенін ескеріп, «бұзақылық» және «ұрлық» баптары бойынша 15 жылға сотталған болатын. Дидар Қалиахмет «бұзақылық» бабымен 7 жылға бас бостандығынан айырылған.
Сонымен қатар, бұл іс бойынша Равиль Сакиев – 20 жыл, Нұрқияса Ілиясов – 9 жыл, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев – 7 жылдан жаза арқалады. Кәмелет жасқа толмаған Д. Ы. «қылмыс туралы хабарламау» бабы бойынша 1 жыл 6 айға сотталып, кейіннен босатылды.
Былтыр тамыз айында апелляциялық сот алқасы 8 сотталушыға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырған еді.
Қазір аталған іс бойынша кассациялық инстанция шешім шығармақ. Аталған екі сотталушының шағымына қатысты қоғам назары тағы да осы сот процесіне ауып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







