Қазақстанда үш жылу электр орталығының (ЖЭО) құрылысы ресейлік компанияларсыз өтетін болды. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларындағы стратегиялық нысандарды салу жобаларын енді қазақстандық-сингапурлық консорциум жүзеге асырады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы 7 сәуірде ресми түрде белгілі болды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, Көкшетау қаласындағы ЖЭО-ны Қазақстан өз күшімен салмақ. Қазір мұнда қажетті инфрақұрылым дайындалып, жобалау жұмыстары басталуға жақын. Құрылысқа жұмсалатын шығын 300 миллиард теңгеге бағаланып отыр, нысан 2029 жылдың бірінші тоқсанында іске қосылмақ.
Ал Семей мен Өскемен қалаларындағы ЖЭО құрылысы биыл қаңтарда бекітілген келісім бойынша Қазақстан-Сингапур консорциумына тапсырылды. Қазақстан тарапынан жобаның операторы ретінде «Самұрық-Энерго» компаниясы бекітілді.
Жақын арада қос станцияның құрылыс алаңдарын дайындау жұмыстары басталып, қажетті жабдықтарға тапсырыс беріледі. Техникалық жабдықтар 2027 жылы жеткізіліп, құрылыстың толық аяқталуы 2029 жылдың соңына жоспарланған.
«Жобаларда экологиялық талаптарға толық сай келетін заманауи технологиялар пайдаланылады. Жаңа станциялар «таза көмір» технологиясы мен жасанды интеллект элементтері негізінде жұмыс істейді», – деді Сұңғат Есімханов.
Еске салайық, 2025 жылдың күзінде осы үш ЖЭО құрылысына Ресейдің қатысатыны жарияланған еді. Бірақ ол кезде қаржыландыру мәселесі түпкілікті шешілмеген болатын. Қазір Қазақстан тарапы жобаны дербес және халықаралық серіктестермен бірлесе іске асыруға шешім қабылдап отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







