Қазақстан инвестицияларды қорғау саласында жаңа деңгейге көтерілді. Бүгін елордада өткен арнайы форумда Бас прокурор Берік Асылов еліміздің инвестициялық саясатындағы маңызды өзгерістерді жариялады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Берік Асылов форумның ашылуында: «Қазақстанда инвестицияларды қорғау – ең маңызды мемлекеттік басымдықтардың бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, біз инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың сенімді әрі ашық жүйесін қалыптастырдық», – деп атап өтті.
Қазақстан бүгінде инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы 48 үкіметаралық келісімге қол қойған. Бұл елдегі инвестициялық ахуалдың тұрақтылығы мен ашықтығына кепілдік беретін берік құқықтық негіз.
Берік Асыловтың айтуынша, Қазақстан прокуратурасы ел Президентіне тікелей бағынады және басқа мемлекеттік органдардан тәуелсіз. Прокуратураның негізгі міндеті – инвесторлар құқықтарының бұзылуын болдырмау және кез келген заңсыздыққа жедел әрекет ету.
Елдегі инвестициялық климатты одан әрі жақсарту мақсатында өткен жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен Инвестициялық омбудсменнің функциялары Бас прокурорға жүктелген болатын. Соның негізінде Бас прокуратура жанынан Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылып, барлық өңірлерде инвестициялық прокурорлар тағайындалды.
«Әрбір маңызды инвестициялық жоба прокурорлық сүйемелдеуге алынды. Инвесторға қатысты әрбір мәселемен нақты прокурор айналысады», – деді Берік Асылов.

Қазіргі уақытта «прокурорлық сүзгі» деп аталатын ерекше механизм жұмыс істейді. Мемлекеттік органдар прокурордың келісімінсіз инвестордың қызметін тексере алмайды, тоқтата алмайды және лицензиясын кері қайтарып ала алмайды. Заңсыз әрекеттерге жол берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылады, ал заңнамалық кедергілер бірден жойылады.
«Мен комитетке барлық заңға тәуелді актілерге ревизия жасауды тапсырдым. Енді инвесторлар алдындағы жасырын немесе ашық кедергілердің бар-жоғын тексеріп, заңнамадағы барлық сәйкессіздіктерді анықтайтын боламыз», – деді Бас прокурор.
Сонымен қатар, Берік Асылов Үкімет жанындағы Инвестициялық штабтың маңызды рөлін ерекше атап өтті. Штаб құрылған екі жылдың ішінде жалпы құны 100 млрд АҚШ долларынан асатын 200-ден астам ірі инвестициялық жоба қаралып, инвестициялық келісімдер көлемі 15 есеге өскен.
«Бұл – инвесторлардың Қазақстанға деген сенімі мен тиімді үйлестірудің нәтижесі», – деп қорытындылады Бас прокурор.
Осылайша, елімізде инвесторларды қолдау мен қорғаудың тиімді, ашық және тұрақты жүйесі қалыптасты. Бұл – Қазақстанның әлемдік нарықтағы сенімді серіктес ретіндегі беделін нығайтуға жасалған үлкен қадам.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







