Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданындағы жұмыс сапарында «Сарыағаш-Құс» кәсіпорнының жұмыртқа өндіретін зауытына барды. Өңір басшысы Дарбаза ауылдық округінде орналасқан фабриканың өндірістік әлеуетімен танысып, сала мамандарымен пікір алмасты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жоба құны 237 миллион теңге. Қазіргі таңда фабрикада 20-дан аса жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын басшысы Мұрат Талман өндіріс қарқыны мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Оның айтуынша, өнім сапасын арттырып, көлемін ұлғайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.
Фабрика өндірген жұмыртқа толығымен ішкі нарыққа бағытталған. Әсіресе Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан сұраныс жоғары.
Нұралхан Көшеров осындай кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызына ерекше тоқталды.
«Өндіріс көлемін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашу керек. Сондай-ақ кәсіпорындарға заманауи технологияларды енгізу маңызды. Мемлекет бұл бағытта қолдауларды жалғастырады», – деді облыс басшысы.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







