«Иннопром. Беларусь» форумы аясында Қазақстан–Беларусь іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Кездесу барысында қазақстандық компаниялар беларусьтік серіктестерімен өнім жеткізуді ұлғайтуға бағытталған бірқатар келісімге келді. Жұмысқа Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ қолдау көрсетті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ірі экспорттық келісімдер
Негізгі келісімдердің бірі – қазақстандық коммерциялық техниканы Беларуське жеткізу. «Hyundai Trans Auto» ЖШС мен Беларусьтің «Эр Си М» ЖШҚ 2027–2028 жылдары 790 бірлік техника жеткізу туралы келісімге келді. Келісімнің жалпы құны кемінде $30 млн болады. Сонымен қатар қазақстандық автокөлік өндірушілерінің Беларусь нарығындағы экспорттық әлеуеті жылына 4 500 бірлік техникаға дейін жетеді.
«Hyundai Trans Auto» ЖШС мен «Эр Си М» ЖШҚ 2027–2028 жылдары 790 бірлік техника жеткізу туралы келісімге келді. Келісімнің жалпы құны кемінде $30 млн болады.
Сонымен қатар «Көкшетауские минеральные воды» АҚ мен «Завод Бульбашъ» ЖШҚ арасында тағы бір келісім жасалды. Келісімге сәйкес Қазақстанда өндірілетін алкоголь өнімдері Беларуське экспортталады. Алдын ала болжам бойынша, экспорт көлемі жылына 20 жүк көлігіне дейін жетеді.
Өзара сауда көрсеткіштерінің өсімі
Екі ел арасындағы сауда көлемі де тұрақты өсіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 30%-ға өсіп, $1,2 млрд-тан асты. 2026 жылдың қаңтар–шілде айларында өзара сауда тағы 20,5%-ға өсіп, $723 млн болды. Оның ішінде Қазақстан экспорты $180,3 млн, импорт $542,7 млн құрады. Осы кезеңде Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің Беларуське экспорты 34,9%-ға өсіп, $24,9 млн-ға жетті.
Ендігі міндет – осы өсімді нақты экспорттық жобалармен бекіту. Қазақстан мен Беларусь өнеркәсіп, машина жасау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы бірқатар жоба бойынша жұмыс істеп жатыр. Қазақстан өнімдерінің Беларусь нарығындағы қосымша экспорттық әлеуеті $80,1 млн-ға бағаланады.
Сауда үйі және азық-түлік жеткізілімі
2026 жылдың қаңтарында Минскіде Қазақстанның «Қазақ Трейд Хаус» сауда үйі жұмысын бастады. Ол қазақстандық тауарларды Беларусь нарығына шығаруға және экспорттық жобаларды сүйемелдеуге мүмкіндік береді. Қазір мұнда сегіз қазақстандық өндірушіден тұратын жеткізушілер пулы қалыптастырылған. Оның ішінде жылына 20 жүк көлігіне дейін, жалпы құны $300 мыңға дейін өнім жеткізу мүмкіндігі бар.
Азық-түлік өнімдері бойынша Беларусьтің ең ірі сауда желілерінің бірі «Еврооптқа» тауар жеткізу мәселесі пысықталуда. Қазірдің өзінде өсімдік майы, сүт өнімдері, сусындар, минералды су, ұн, жарма және ет консервілерін жеткізу мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
Өнеркәсіп және бірлескен өндіріс
Теміржол-машина жасау саласында да байланыс жолға қойылған. «Проммашкомплект» ЖШС Беларуське тұтас илемделген теміржол дөңгелектерін жеткізіп келеді. Ал «Railways Systems Holding» ЖШС вагондар, рельсті автобустар, қосалқы бөлшектер және басқа да өнімдерді жеткізу бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.
«ПОЖСНАБ» ЖШҚ мен «Автокомпоненты КЗ» ЖШС арнайы өрт сөндіру техникасын өндіруді жоспарлап отыр. Ал «Qaz-Bel Лифт» ЖШС мен «Могилевский завод лифтового машиностроения» ААҚ Ақтөбеде лифт өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Бұдан бөлек, Қазақстанда бірлескен өндірістер құруға бағытталған екі жоба пысықталуда. «ПОЖСНАБ» ЖШҚ мен «Автокомпоненты КЗ» ЖШС арнайы өрт сөндіру техникасын өндіруді жоспарлап отыр. Ал «Qaz-Bel Лифт» ЖШС мен «Могилевский завод лифтового машиностроения» ААҚ Ақтөбеде лифт өндірісін іске қосу мүмкіндігін қарастыруда.
Алдағы кезеңде тараптар нақты келісімшарттарға басымдық беріп, қазақстандық өнімдердің Беларусь нарығына жеткізілу көлемін ұлғайтуды көздеп отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







