Алматыда материалдық емес мәдени мұраны сақтау, оны ілгерілету мәселелері жан-жақты талқыланған ұлттық деңгейдегі дөңгелек үстел өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шараға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігінің, ЮНЕСКО Хатшылығының өкілдері, сонымен қатар еліміздің түрлі өңірлерінен келген сарапшылар мен мамандар қатысты.
Жиын 2025-2026 жылдарға арналған ЮНЕСКО-ның Техникалық гранты аясында ұйымдастырылып отыр. Бұл бағдарлама пилоттық түрде Қазақстанның бес өңірінде – Жетісу, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында іске асырылуда. Осы өңірлерде гранттың орындалуы мен оның тиімділігін бақылайтын арнайы жұмыс топтары құрылды.
Басқосуда сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ұлттық мәдени дәстүрлерге жүйелі мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына назар аударды.
«Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы айтқандай, шынайы отаншылдық туған жерге деген сүйіспеншілікпен, нақты істермен көрінеді. Отбасылық ортада сақталған дәстүрлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, заманауи мәдениет аясында дамуы керек. Осы тұрғыда 2003 жылғы ЮНЕСКО Конвенциясы еліміздің құндылықтарымен толық үйлеседі», – деді Аида Балаева.
ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Конвенция Хатшылығының басшысы Фумико Охината халықаралық көмек механизмі Конвенцияның басты құралдарының бірі екенін атап өтті.
«Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасының ұлттық тізімінің жаңартылып жатқаны және өңірлердегі жергілікті қауымдастықтардың мүмкіндіктерін арттыру жұмыстары ерекше қуантады. Біз Қазақстанның тәжірибесін жоғары бағалаймыз. Бұл басқа елдерге де үлгі болып, халықаралық көмекті белсендірек пайдалануға ықпал етеді», – деді Фумико Охината.
Контекст
Жиын қорытындысында айтылған ұсыныстар жүйеленіп, алдағы уақытта жұмыста пайдаланылатын болды. Айта кетейік, бүгінде ЮНЕСКО жобасының бірінші кезеңі бойынша Қазақстанның Ұлттық тізіміндегі 79 элементтің 56-сы құжатталып, 277 мәдени мұра иесімен сұхбат өткізілді.
Сондай-ақ пилоттық бес өңірде арнайы оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша материалдық емес мәдени мұра иелерінің интерактивті дерекқоры дайындалып жатыр.
Бұдан бөлек, екі салалық секция өтіп, онда ауызша және эпикалық мұраны сақтау мәселелері, мамандарды дайындау, құжаттық мұраны цифрландыру және оған қолжетімділікті арттыру, балалар мен жасөспірімдер тәрбиесінде дәстүрлі ойындар мен фольклорлық сайыстарды қолдану мүмкіндіктері талқыланды.
Бағдарламаның екінші күні облыстық деңгейдегі басшыларға арналған жабық семинар, жергілікті деңгейде мәдени мұра элементтерін анықтау және дамыту бойынша арнайы брифинг, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның Техникалық грантын іске асыру мәселелері бойынша жұмыс кеңесі жоспарланған.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







