Қазақстандықтар сатып алғаннан кейін дүкен кассасында қалдырған чек арқылы алаяқтар пайдалануы мүмкін. Бұл дүкенге де, сатып алушының өзіне де қиындық әкеледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Көп адам тауар сатып алғаннан кейін чекке мән бермейді. Кейбірі оны дүкенде қалдырып кетеді, кейбірі сыртқа шыға сала қоқыс жәшігіне тастайды. Алайда дәл осы әдеттің кесірінен күтпеген мәселе туындауы мүмкін.
Маңғыстау облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің мамандары осындай жағдайлардың жиі орын алатынын ескертіп отыр. Олардың айтуынша, қалдырылған чек алаяқтардың қолына оңай түседі де, оның зардабы тек дүкенге емес, сатып алушының өзіне де тиеді.
– Алаяқтықтың ең қарапайым түрі қолма-қол ақшамен жасалған төлемдерге байланысты. Біреу сатып алып, кассада қалдырып кеткен чек арқылы ұрлық жасалуы мүмкін. Ұры дәл сондай тауарды алып, дүкеннен шығарда ұсталса, бөтен біреудің чегін көрсетіп, жалтаруға тырысады. Мұндай жағдайда тек дүкен ғана емес, түбіртегін қалдырып кеткен сатып алушының өзі де күдікке ілінуі мүмкін, – дейді мамандар.
Бұдан бөлек те қауіптер бар.
«Қалдырылған чек дүкеннің адал емес қызметкерлерінің қолына түссе, жалған қайтарым рәсімделіп, тауар есептен шығарылуы мүмкін. Ал банк картасымен төлем жасалған жағдайда, сатып алушының аты-жөні мен картаның соңғы сандары арқылы алаяқтар банк қызметкері ретінде хабарласып, алдап кетуі ықтимал», – деп түсіндіреді департамент өкілдері.
Осылайша қарапайым түбіртек алаяқтар үшін маңызды дереккөзге айналуы әбден мүмкін.
Сондай-ақ, чек сатып алушы құқығын қорғайтын маңызды құжат. Түбіртексіз тауарды қайтару, кассадағы қателікті дәлелдеу немесе бағасын тексеру қиынға соғады. Кейбір жағдайда бонустар мен кэшбэктерді алу үшін де түбіртек керек.
Сондықтан мамандардың кеңесі қарапайым: әрқашан чекті өзіңізбен алып, тым болмаса бір қарап шығуды әдетке айналдырыңыз. Кейде осындай қарапайым әдеттің өзі қаражатыңызды да, жүйкеңізді де сақтап қалуы мүмкін.
Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылдың 1 ақпанынан бастап дүкендердегі баға өсімі чек арқылы есептеле бастаған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







