Жақында Айға аттанған NASA-ның «Артемида II» миссиясының төрт астронавты ерекше ғылыми сынаққа қатысуда. Ғарышкерлердің өзі ғарышқа ұшпас бұрын, олардың жасушалары кішкентай USB-өлшеміндегі «аватарларға» айналып, ғарыш кемесіне алдын ала орналастырылған. Осылайша, ғарыштағы саяхат кезінде олардың «шағын көшірмелері» арнайы сынақтан өтуде, деп жазады Ertenmedia.kz.
Бұл сынақтың аты AVATAR, яғни «Ғарышкерлер тіндерінің виртуалды аналогтық реакциясы» деп аталады. Мұндағы басты мақсат – ғарыштың адам ағзасына әсерін бұрын-соңды болмаған деңгейде терең зерттеу.
NASA өкілдерінің айтуынша, арнайы жасалған микрочиптер (органдық чиптер) арқылы ғалымдар радиация мен салмақсыздық жағдайының адам денсаулығына әсерін зерттеп жатыр. Әр ғарышкердің өз жасушасынан алынған сүйек кемігі жасушалары осы чиптерге орналастырылған. Осы сынақ арқылы ғалымдар ғарыштағы радиацияның адам иммунитетіне әсерін нақтырақ зерттеп, болашақта ғарышкерлер үшін жеке медициналық қолдау жасауға жол ашпақ.
– Ғарышкерлер әртүрлі деңгейде әсер алуы мүмкін. Біреуі радиацияға төзімді болса, келесі ғарышкер аса сезімтал болып шығуы мүмкін. Біз сол айырмашылықтарды зерттеп, әр ғарышкерге арнайы медициналық қолдау әзірлей аламыз, – дейді NASA биология және физика ғылымдары бөлімінің директоры Лиза Карнелл.
Осы арқылы болашақта Марсқа немесе Айға ұзақ мерзімді саяхат жасайтын ғарышкерлер үшін денсаулық мәселелерін алдын ала анықтап, қажет терапияны өздерімен бірге жіберу мүмкіндігі тумақ.
– Аполлон» миссиясы кезінде адамдар Айда небәрі бірнеше күн ғана болды. Ал болашақта біз ғарышта 30 күн немесе одан да ұзақ уақытқа сапар шегетін боламыз. Сондықтан осы жағдайларға алдын ала дайындық жасауымыз қажет. Бұл өте қарапайым әрі тиімді әдіс, – дейді Карнелл.
Сондай-ақ ғарыш сапарының денсаулыққа әсерін зерттеу мақсатында «Артемида II» ғарышкерлері түрлі сынақтардан өтіп жатыр. NASA өкілі доктор Стивен Платтстың айтуынша, ғарыштағы басты қауіп-қатерлер – радиация, оқшаулану, Жерден алыс қашықтық, салмақсыздық және ғарыш кемесіндегі қоршаған ортаның ерекшеліктері.
Астронавттардың психологиялық жай-күйін бақылау үшін арнайы білезіктер тағылып, олардың қозғалысы мен ұйқы сапасы үнемі бақыланып отыр. Сонымен бірге экипаж мүшелері өз сілекейін арнайы қағазға сіңіріп, радиация мен стресстің иммундық жүйеге әсерін анықтау мақсатында зерттеушілерге ұсынады.
Ғарышкерлер сондай-ақ қан, зәр, сілекей сынамаларын тапсырып, олардың ағзадағы қоректік заттардың деңгейін, жүрек-қантамыр жүйесі мен иммундық жүйенің жағдайын анықтауға мүмкіндік беріп отыр. Арнайы радиация датчиктері арқылы да экипаж мүшелерінің денсаулығына қауіп төндіретін күн белсенділігін бақылап отыруға болады.
Қытай ғалымдары аккумулятор саласында үлкен серпіліс жасап, электромобильдер мен өзге де техникалардың жұмыс мерзімін айтарлықтай ұзартатын литий-металл батареясының жаңа түрін жасады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







