Қазақстанда мыңдаған жеке кәсіпкер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік күтпеген жерден банк шоттарын бұғаттау проблемасына тап болды. Ең қызығы, олардың көпшілігінде салықтық берешек жоқ болып шықты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мемлекеттік кірістер комитеті келеңсіз жағдайды жаңа автоматты бақылау жүйесін енгізу кезінде кеткен техникалық ақаумен түсіндірді.
Комитеттің мәліметінше, қазіргі таңда салық әкімшілігін цифрландыру аясында барлық хабарлама жіберу мен салықтық шараларды қолдану процесі автоматтандырылып жатыр. Осы жаңа жүйеге көшу барысында техникалық қате орын алып, соның салдарынан кәсіпкерлердің банк шоттарына негізсіз шектеу қойылған.
«Қазіргі кезде аталған қате толық түзетілді. Шоттарды бұғаттау туралы шешімдер кері қайтарылып жатыр, бірқатар шоттардың бұғатталуы тоқтатылды», – деп хабарлады ведомство өкілдері.
Комитет барлық банк шоттарының жұмысын толық қалыпқа келтіруді 2026 жылдың 10 сәуіріне дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге салық органы келтірілген қолайсыздықтар үшін кәсіпкерлерден ресми түрде кешірім сұрады.
Шоты бұғатталған кәсіпкерлерге не істеу керек?
Қаржы мамандары шоттардың автоматты түрде ашылуын күтпей, бірден әрекет етуді ұсынады. Ол үшін төмендегі қадамдарды жасау керек:
- банктен шот мәртебесін және бұғаттауды алып тастау туралы хабарламаның түскен-түспегенін нақтылау;
- «Салық төлеуші кабинеті», ИС ИСНА немесе Мемлекеттік кірістер комитеті порталының арнайы сервисі арқылы шын мәнінде салықтық қарызыңыз жоқ екеніне көз жеткізу;
- егер 10 сәуірге дейін шотыңыз ашылмаса, e-Өтініш электронды шағымдар порталы арқылы арыз қалдыру;
- бұғаттау салдарынан серіктестер алдындағы міндеттемелер орындалмай, қаржылық шығынға ұшырасаңыз, осы фактіні міндетті түрде құжаттап алу.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







