2026 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанның энергетикалық жүйесі барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика танытып, тұрақты әрі сенімді жұмыстың үлгісін көрсетті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Биылғы қаңтар-наурыз айлары аралығында елімізде 33,7 млрд кВт·сағат электр энергиясы өндірілсе, тұтыну көлемі 33,6 млрд кВт·сағатты құрады. Осылайша, елдің энергетикалық жүйесінде 100 млн кВт·сағат көлемінде профицит қалыптасып, бұл көрсеткіш Қазақстанның энергия нарығының тепе-теңдігі мен тұрақтылығын айғақтап отыр.
Бұған қоса, биыл елімізде дәстүрлі және жаңартылатын энергия көздері есебінен 2,6 ГВт жаңа қуатты іске қосу жоспарланған. Жыл соңына дейін төрт бірдей бу-газ қондырғысы пайдалануға берілмек. Сонымен қатар екі ірі жел электр станциясы мен төрт күн электр станциясы іске қосылып, тағы екі электр станциясының қуатын арттыру көзделген.
Бұл маңызды жобалардың жүзеге асуы 2027 жылдың алғашқы тоқсанына дейін республикадағы электр энергиясының тапшылығын толық шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Ал 2029 жылға қарай Қазақстан электр энергиясының тұрақты профицитіне шығуды жоспарлап отыр. Осылайша, елдің энергетикалық тәуелсіздігі толықтай қамтамасыз етіліп, экономиканың қарқынды дамуына берік негіз қаланады.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі цифрлық технологияларды отын-энергетика кешеніне кеңінен енгізу жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







