Ақтөбелік ғалымдар зиянды заттарды ондаған есе азайтатын жаңа технология әзірледі, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғалымдары өндірістен бөлінетін зиянды қалдықтарды күрт азайтатын тың газ тазарту технологиясын жасап шықты. Зерттеу нәтижесінде қолданысқа енгізілген жүйе түтін құрамындағы шаң мен улы заттардың мөлшерін ондаған есе төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі уақытта бұл инновациялық жоба Ақтөбе, Ақсу және Екібастұз қалаларындағы ірі өндірістік нысандарда тәжірибе жүзінде сынақтан өтіп жатыр. Әзірленген жүйе металлургия, энергетика, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын шығаратын кәсіпорындарға бейімделген.
Сондай-ақ, бұл технология Ақсу ферроқорытпа зауытында, «Қазхром» ТҰК АҚ нысандарында және еліміздің басқа да кәсіпорындарында нақты нәтижесін көрсетуде.
Жаңа технология Ақтөбе ферроқорытпа зауытында енгізілгеннен кейін атмосфераға шығарылатын түтіннің құрамындағы шаң мен зиянды заттардың көлемі қырық есеге дейін азайғаны анықталды. Нәтижесінде кәсіпорынның экологиялық әсері күрт төмендеп, ауа тазалығы едәуір жақсарған.
Бұл жобаның бірегейлігі – импортты алмастыратын толық отандық өнім болуында. Бұған дейін мұндай газ тазарту жүйелері шетелден қымбат бағамен жеткізілсе, енді Қазақстан өндірістері өзіміздің ғылыми-инженерлік әлеуетке негізделген тиімді әрі сапалы жүйені қолдана алады.
Ғалымдар мұндай нәтижеге сүзгі-қаптарды регенерациялаудың жаңа тәсілі арқылы қол жеткізген. Аталған жүйе сүзгілерді тозудан сақтап, тазарту тиімділігін арттырады және жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартады. Бұған қоса, жаңа технология өндірістік процестің үздіксіз әрі тұрақты жүруіне жағдай жасайды.
Жобаның ғылыми жұмысына университеттің жетекші мамандары атсалысуда. Атап айтқанда, техника ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Иманғазин, PhD доктор, қауымдастырылған профессор Бағдагүл Уахитова және коммерцияландыру және стартаптар департаментінің директоры Нұрбек Дүймұханов ғылыми-технологиялық жұмыстарға жетекшілік етуде. Бұл жоба экологиялық қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді және «жасыл» технология қағидаттарын ұстанады.
Контекст
Жобаны іске асыру Ақтөбе университеті мен Қарағанды қаласындағы «KazEnergoMashEkologia» ЖШС арасындағы ғылыми-техникалық серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Негізгі сүзгілеу жүйесінің құрастыру жұмыстары осы компанияның өндірістік базасында атқарылады.
Жоба барысында ғалымдар Ақтөбе ферроқорытпа зауытының №1 балқыту цехында кешенді зерттеулер жүргізіп, нәтижесінде жаңа газ тазарту жүйесінің жобалық-конструкторлық шешімдерін әзірледі. Ғылыми жұмыс Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығында тіркеліп, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру конкурсына қатысуға жол ашылды.
Жоба мемлекеттен 350 млн теңге көлемінде грант ұтып алды. Сонымен қатар, өндірістік серіктес тарапынан қосымша 123 млн теңге инвестиция тартылды. Осылайша, екі жыл ішінде жалпы құны шамамен 380 млн теңгені құрайтын инновациялық газ тазарту жабдықтары жасалып, еліміздің бірқатар кәсіпорнында қолданысқа енгізілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







