Қазақстанда соңғы жылдары ғылым саласына айрықша көңіл бөлініп келеді. Ғалымдардың саны артып, мемлекеттен бөлінетін қаржы көлемі де өсіп жатыр. Алайда бұл сандық өзгерістердің сапалық нәтижесі байқалып жатыр ма? Сарапшылар мен жас ғалымдардың пікірін негізге ала отырып, осы сұраққа жауап іздеп көрдік, деп жазады Ertenmedia.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегіне сәйкес, Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын мамандар саны соңғы төрт жылда 30 пайызға артқан. 2025 жылғы көрсеткіш бойынша, ғылым саласында 28 374 адам еңбек етіп жатыр. Әсіресе жас ғалымдардың үлесі едәуір ұлғайған: олар бүгінде ғылыми кадрлардың жартысына жуығын құрайды.
Қаржыландыру мәселесі де айтарлықтай оң өзгерген. 2020-2024 жылдар аралығында ғылымға бөлінген қаржы көлемі 116,7 млрд теңгеден 261,3 млрд теңгеге дейін өсті. Десе де, ішкі шығындардың ЖІӨ-дегі үлесі әлі де 0,16 пайыз деңгейінде қалып отыр, бұл әлемдік стандарттарға қарағанда төмен көрсеткіш.
Депутат пікірі: ғылымға салынған инвестицияның қайтарымы ұзақмерзімді болады
Ғылым саласындағы өзгерістерге Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пікір білдірді. Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап мемлекет ғылымды басым бағыт ретінде танып, заңнамалық, қаржылық қолдауды айтарлықтай күшейтті.
«Ғылымға құйылған инвестиция бірден нәтиже бермейді. Бұл ұзақмерзімді процесс. Соңғы жылдары қабылданған шаралардың нәтижесі бірнеше жылдан кейін толық көрінеді», – дейді Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан ғылымында оң өзгерістер бар: зерттеулер сапасы артып, ғалымдардың жалақысы өсті, әлеуметтік мәселелері шешілуде.
«Әлеуметтік қолдау күшейді, жаңа зертханалар ашылып жатыр. Бұл ғалымдардың кәсіби дамуына және ғылымның сапасын арттыруға тікелей әсер етеді», – деп атап өтті депутат.
Шетелден елге оралған жас ғалымның пікірі: «Қазақстан ғылымы қарқынды дамуда»
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің жас ғалымы, биология ғылымдарының PhD докторы Жадырасын Нұрбекова шетелдік тәжірибесін Қазақстанмен салыстыра отырып, елдегі ғылымның даму деңгейін бағалады.
Жадырасын Израильдегі Бен-Гурион университетінде докторлық диссертация қорғап, Жапония мен Германияда ғылыми тәжірибе жинаған. 2023 жылы Қазақстанға оралған жас ғалым бүгінгі таңда елімізде ғылыммен айналысуға жақсы жағдай жасалып жатқанын айтады.

«Шетелде ғылыми орталықтар тәулік бойы ашық. Бізге де осындай жүйе енгізу керек. Бірақ Қазақстанға келгеннен кейін оң өзгерістердің көп екенін көрдім. Мемлекет жас ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсетіп жатыр. Мен өзім мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болдым», – дейді ол.
Жадырасынның айтуынша, қазір Қазақстанда жас ғалымдарға гранттар мен халықаралық тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік жасалған. Әсіресе университеттер ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға баса назар аударып отыр.
Ғылымдағы проблемалар: қаржыландыру жеткіліксіз, өңірлік дисбаланс бар
Дегенмен, саладағы түйткілді мәселелер әлі де бар. Министрлік дерегінше, ғылымға ЖІӨ-нің тек 0,16 пайызы бөлінген, бұл – өте төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, өңірлердегі ғылымның дамуы біркелкі емес: инфрақұрылым мен кадрлар ірі қалаларда ғана шоғырланған.
Жаңа заңнамалық бастамалар не береді?
Осы мәселені шешу үшін министрлік «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң әзірледі. Заңға сәйкес ғылымды басқару жүйесі жаңарып, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру күшейеді. Сонымен қатар, бизнестің ғылымға инвестиция салуын ынталандыратын жаңа нормалар қабылданды.
Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Жайық Тоқтаровтың айтуынша, бұл заң ғылымды экономиканың нақты қажеттіліктеріне бағыттауға мүмкіндік береді.
«Заң ғылыми нәтижелерді коммерцияландыруға, өңірлік ғылымды дамытуға және ғылымға бизнестің инвестициясын ынталандыруға бағытталған. Бұл шаралар ғылым саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға септігін тигізеді», – деді ол.
Қорытындылай келгенде, Қазақстанда ғылым саласының дамуы жақсы қарқын алғанымен, әлі де болса шешуді қажет ететін мәселелер бар. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайы жақсарып, салаға жастардың келуі көңіл көншітеді. Дегенмен, қаржыландыру көлемін арттырып, өңірлік дисбалансты жою маңызды міндеттердің бірі болып отыр. Соңғы заңнамалық бастамалар мен реформалар осы бағытта нақты нәтижелерге әкеледі деген үміт бар.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







