13 сәуірден бастап ХҚКО-ларда еңбек мигранттарына жұмыс істеуге рұқсат беру және оны ұзарту қызметі тоқтатылады. Аталған қызмет енді тек онлайн форматта көрсетіледі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Цифрлық даму және жасанды интеллект министрлігінің хабарлауынша, қызмет eGov.kz порталы және migration.enbek.kz сайты арқылы ғана қолжетімді болады.
Енді шетел азаматтары үй шаруашылығында жұмыс істеу үшін рұқсатты рәсімдеуді және мерзімін ұзартуды тек онлайн жасай алады. Жаңа жүйенің артықшылығы кейбір құжаттарды жүктеу қажеттілігі жойылды. Мәселен, медициналық анықтама мен сақтандыру туралы деректер мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алынады.
eGov порталы медициналық тексеруден өткен-өтпегенін, сақтандыру полисінің бар-жоғын және салық төлемдерін автоматты түрде тексереді.
Цифрлық даму және жасанды интеллект бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин:
«13 сәуірден бастап бұл қызмет ХҚКО-да көрсетілмейді. Өтініштер тек онлайн қабылданады», – деп мәлімдеді.
Еңбек мигранттарына рұқсат беру немесе мерзімін ұзарту туралы шешімді аудандық және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері ішкі істер органдарымен келісім негізінде қабылдайды. Рұқсаттар 1 айдан 12 айға дейінгі мерзімге, еңбек мигранттарына белгіленген квота шеңберінде беріледі.
Қосымша ақпаратты eGov.kz порталынан және оның әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан алуға болады.
Айтқандай, әзірде ғана осыған қатысты үлкен шу шықты. Шымкентте еңбек мигранттарына заңсыз құжат рәсімдеген қылмыстық топ құрықталды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







