Венгриядағы билік ауысуы қаржы нарығына бірден әсер етіп, форинттің күтпеген серпін алуына жол ашты деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Виктор Орбанның партиясы сайлауда жеңіліс тапқаннан кейін инвесторлар Будапештке үмітпен қарай бастады. Соның алғашқы белгісі ұлттық валютаның күрт нығаюынан байқалды.
Bloomberg мәліметінше, 13 сәуірдің таңында, яғни сайлаудан кейінгі күні бір еуро 365,69 форинтке дейін түскен. Еуропа валютасы үшін мұндай әлсіз деңгей 2022 жылдың басынан бері тіркелмеген. Тәуліктік қозғалыс 2,4 пайызға жеткен.
Нарықтағы серпін форинтпен шектелген жоқ
Венгрияның доллармен шығарылған еурооблигациялары 3,3 пайызға қымбаттап, дамушы нарықтар арасындағы ең жақсы нәтижені көрсеткен. Мұның астарында бір ғана белгі жатыр: инвестор жаңа билік тұсында елдің қарыз алу құны төмендеуі мүмкін деп күтеді.
Danske Bank-тің ақша нарығы жөніндегі басқарушысы Сёрен Мёрч жағдайды венгр активтері үшін «жаңа бастау» деп атаған. Оның айтуынша, оппозиция жеңісіне сенген инвестор болжамы ақталған. Қазір премьер-министрлікке үміткер ретінде Петер Мадьярдың аты аталып отыр.
Сарапшылар билік ауысуы Еуроодақпен қатынасты да жұмсартуы мүмкін деп санайды. Өйткені Орбанның қатаң ұстанымына байланысты тоқтап тұрған көп миллиардтық еуропалық қаржы енді қайта ашылуы ықтимал. Оның үстіне Мадьяр Венгрияны болашақта еуроаймаққа жақындатуға ниетті екенін айтқан. Нарық үшін ең маңызды сигнал да осы: саяси бағыт өзгерсе, қаржы ағыны да өзгереді.
Орбан туралы не белгілі?
Орбан Венгрияны 1998–2002 жылдары және 2010 жылдан бері басқарды. Осы тұста ол оңшыл популист көшбасшы ретінде танылды және кейінгі жылдары Еуроодақтың, әсіресе Украинаға қатысты бірқатар бастамасына кедергі келтіріп келген саясаткер саналды. Соңғы сайлауда оның «Фидес» партиясы 38,43 пайыз дауыс алып, 199 орынның 55-іне ғана ие болған.
Қысқасы, Венгриядағы сайлау нәтижесі саяси жаңалық шеңберінде қалып қойған жоқ. Ол бір күннің ішінде валюта бағамына, мемлекеттік борыш қағазына және елдің болашақ қаржылық бағасына әсер етіп үлгерді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







