Қазақстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап ипотека беру тәртібі қатаяды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Банктер қарыз алушыны бұрынғыдан да мұқият сүзгіден өткізіп, мөлшерлемені әр адамға жеке есептей бастайды. Соның салдарынан табысы тұрақсыз, алғашқы жарнасы аз немесе қарызы көп азамат үшін баспана несиесіне қол жеткізу қиындай түсуі мүмкін. Ал ресми табысы жоғары, несие тарихы таза адамдарға анағұрлым тиімді шарт ұсынылуы ықтимал.
Бұған дейін ипотеканың шекті мөлшерлемесін 25 пайыздан 20 пайызға дейін түсіру жайы айтылған еді.
Алайда…
Өзгеріс тек пайыздық межемен шектелмейді. Енді негізгі жаңалық несие бағасын есептеу тәсілінен көрінбек. Яғни банк енді бәріне ортақ бір шарт ұсынбайды, әр клиенттің қаржылық бейініне қарай жеке шешім шығарады.
Мөлшерлемеге бірден бірнеше фактор әсер етеді. Соның ішінде алғашқы жарна көлемі, табыс деңгейі, несие тарихы, борыш жүктемесі және отбасы құрамы бар. Қазірдің өзінде кей банктер осындай тәсілді қолданып келеді. Мәселен, алғашқы жарна 50 пайыздан асса және несие мерзімі қысқа болса, мөлшерлеме 0,1 пайыздан 7 пайызға дейін түсуі мүмкін. Ал жарна аз, мерзім ұзақ болса, пайыз 10–15 деңгейіне дейін көтеріледі.
Ең ұтымды шарт төлем қабілеті жоғары адамдарға беріледі. Табысы жақсы, алғашқы жарнасы кемінде 30 пайыз, мойнында артық қарызы жоқ клиент төменірек мөлшерлемеге, жоғарырақ сомаға және ұзақ мерзімге үміт арта алады. Керісінше, борышы көп адамға банк не пайызды өсіреді, не өтінімді мүлде кері қайтарады.
Тағы бір маңызды өзгеріс…
Енді банк тек ресми табысқа қарайды. Яғни зейнетақы жарнасы арқылы расталмаған кіріс есепке алынбайды. Табысын құжатпен дәлелдей алмаған адамға ипотека рәсімдеу әлдеқайда ауырлайды. Қосымша кепіл қойып, табыссыз несие алу жолы да жабылмақ.
Қарыз жүктемесін бағалау тәртібі де күрделене түседі. Қазір қолданылып жүрген қарыз жүктемесі коэффициенті 50 пайыздан аспауы керек.
Енді соған қоса қарыздың табысқа қатынасы деген жаңа көрсеткіш енгізіледі. Сол арқылы банк ай сайынғы төлемді ғана емес, адамның жалпы берешегі жылдық табысына шаққанда қаншалықты ауыр екенін де есептейді. Демек, енді тек айлық жетіп тұр ма деген сұрақ аздық етеді, банк адамның тұтас қаржылық портретіне қарайды.
Сарапшылар ипотека алуды жоспарлаған азаматқа қазірден қамдануға кеңес береді. Ұсақ несиені және бөліп төлеуді азайту, алғашқы жарнаны көбейту, ресми табысты растау, өтінім берер алдында жаңа қарыз алмау ендігі ең маңызды қадамның қатарына шықты.
Жалпы алғанда, жаңа тәртіп халықты артық қаржылық тәуекелден қорғауға бағытталған. Бірақ оның екінші жағы да бар. Ипотека нарығы енді бәріне бірдей ашық алаң болмайды. Банктер сенімді клиентті іріктеп, шартты соған қарай бейімдейтін кезеңге өтеді. Сондықтан 1 шілдеден кейін баспана несиесі ең алдымен табысы айқын, тәртібі таза, қаржылық салмағы орнықты адамға жақындай түседі.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







