Қазақстанның жеті өңірінде мәдени нысандар салу, кітапхана мен архив жұмысын цифрландыру және халықаралық фестивальдер өткізу бағытындағы жобалар қарқын алды. Жылдың алғашқы жартысында мәдени іс-шаралар жүздеген мың көрерменді қамтып, ауылдардағы инфрақұрылымды жаңарту жұмысы жалғасты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінде Алматы мен Шымкент қалаларының, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан және Абай облыстарының 2026 жылғы алғашқы жартыжылдықтағы жұмысы қаралды. Отырыста мәдениет нысандарының жағдайы, цифрлық сервистер, шығармашылық жобалар және алдағы міндеттер талқыланды.
Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі
Шығыс Қазақстанда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне он ел мен өңірдің өкілдері қатысып, 50 мыңнан астам көрермен жиналған. Облыс музейлеріне алты айда 328, 4 мың адам барып, 5, 5 мыңнан астам экскурсия ұйымдастырылды.
Қазір Шығыс Қазақстан өнер музейіне күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. «Берел» музей-қорығында туристер мен зерттеушілерге арналған визит-орталық салу жобасы әзірленуде. Жылдың екінші жартысында өңірде «Шығыс салбұрыны – 2026» халықаралық бүркітшілер турнирін өткізу жоспарланған.
Алматыда мәдени іс-шараларды қаланың орталығымен шектемей, барлық ауданға жеткізуге назар аударылған. IV Almaty Circus Festival фестиваліне 18 мемлекеттің өнерпаздары қатысып, қойылымдарды 10 мың көрермен тамашалады.
Қаладағы жеті кітапхана филиалы тәулік бойы жұмыс істейді. «Алматы кітапханалары» мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 27 мыңнан асты. Қала күні қарсаңында шығармашылық байқауларды ортақ форматқа біріктіретін жаңа топтама әзірленді.
Абай облысының Жоғарғы Егінсу және Көкжыра ауылдарында әрқайсысы 100 орынға арналған екі клуб ашылды. Бесқарағай ауданында тағы үш мәдениет нысанының құрылысы жүріп жатыр. Оларды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген.
Jana Klub жобасы аясында облыстағы 15 ауыл кітапханасы жаңғыртылады. Аталған кітапханалар 109 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді. Жоба ауылдағы кітапхананы тек кітап беретін орыннан білім, шығармашылық және қоғамдық байланыс орталығына айналдыруға бағытталған.
Қарағанды облысында «Оқитын ұлт» жобасы 67, 8 мың адамды қамтып, пилоттық өңірлер арасында жоғары нәтиже көрсетті. Алғаш рет ұйымдастырылған «BaiQymyz Қарқаралы – 2026» этно-гастрофестиваліне 20 мыңнан астам адам қатысты.
Көкпекті ауылында жаңа клуб ашылып, қалалық архив ғимараты қайта жаңғыртылды. Нұра ауданында Өнер үйінің құрылысы жалғасып жатыр. Мұндай жобалар мәдени қызметті облыс орталығынан шалғай елді мекендерге жеткізуге мүмкіндік береді.
Қызылорда облысында жаңа драма театрының құрылысын бастауға дайындық жүріп жатыр. Алғашқы Nartai Theatre Fest фестиваліне төрт мыңға жуық көрермен жиналған. Өңірде 600 мың сақтау бірлігіне арналған, тәулік бойы жұмыс істейтін Президенттік кітапхана жобасы жүзеге асырылуда.
Қызылорда мамандары әзірлеген Smart Archive платформасы халықаралық архившілер конгресінде таныстырылды. Цифрлық жүйе тарихи құжатты сақтау, іздеу және зерттеушілерге ұсыну жұмысын жеңілдетуге тиіс.
186 спектакль қойылды
Түркістан облысында биыл 11 мәдениет үйін ашу жоспарланған. Қазір екі нысан пайдалануға беріліп, тағы үшеуі ашылуға дайын тұр. Өңірдегі 17 мыңнан астам бала шығармашылық үйірмелерге тегін қатысады.
Үш кәсіби театр алғашқы жартыжылдықта 186 спектакль қойған. Шығармашылық ұжымдар облыс аудандарымен қатар, елдің өзге өңірлерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті. «ULYLARDYN OTANY» халықаралық симпозиумы жеті елден келген 26 суретшіні біріктірді.
Шымкенттегі жеті қалалық театр көрерменге 16 жаңа қойылым ұсынды. Спектакльдерді 124 мыңнан астам адам тамашалаған. Қалалық опера және балет театрының солистері Сиань мен Нагасакидегі халықаралық байқаулардан жүлдемен оралды.
Жастар театры Алжирдегі фестивальде «Антигона» спектаклін сахналады. Қалада жаңа опера және балет театрының жобасы әзірленіп, Мәдениет және өнер университетін ашу жұмысы қолға алынған. Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді.
Отырыста театрлардың электрондық есеп беру жүйесін енгізу, репертуардағы қазақстандық авторлар үлесін арттыру және ғылыми реставрация мамандарын даярлау мәселесі көтерілді. Тарихи мұраны сақтау мен мәдени туризмді ұштастыруға да ерекше назар аударылды.
Өңірлерге музей, театр, архив және тарихи орындар туралы ақпаратты кеңінен таратып, туристерге арналған навигацияны жетілдіру тапсырылды. Қазақстанда цифрлық сервистер мен оқиғалық туризм мәдени және туристік нысандарды танытудың негізгі құралдарының біріне айналып келеді.
Жылдың екінші жартысында Almaty Puppet Festival, «Көк-Төбе Опера», Voice of Turan және «Аяз Ата, Ақшақар – 2026» фестивалі өтеді. Театр, музыка және көрме бағытындағы өзге де жобалар жоспарланған.
Министрлік өңірлерге басталған құрылысты белгіленген мерзімде аяқтап, мәдени нысандардың қолжетімділігі мен сапасын арттыруды міндеттеді. Тапсырмалардың орындалуы Мәдениет комитетінің бақылауында болады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!





