Қазақстанда салық реформасының алғашқы нәтижелері кәсіпкерлік сектордың құрылымы қайта қалыптасып жатқанын көрсетті. Алты айда шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 550 мыңға артса, жалдамалы қызметкері жоқ 260 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны жұмысын тоқтатты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қаржы, Ұлттық экономика министрліктері және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшылығының қатысуымен кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында салық реформасының алдын ала нәтижесі, іскерлік белсенділік және бизнесті әділ реттеу тетіктері қаралды. Өңірлер мен экономика салаларындағы көрсеткішке де жеке назар аударылды.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің мәліметінше, алғашқы жартыжылдықта республикалық бюджетке корпоративтік табыс салығынан түскен түсім 15,7%-ға көбейген. Оң серпін қаржы секторында және өңдеу өнеркәсібінде айқын байқалды. Аталған көрсеткіш кәсіпорындар табысының өсуімен қатар, салықтық әкімшілендірудің күшейгенін де аңғартады.
Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны алты ай ішінде шамамен 550 мыңға артты. Қаржы министрлігі мұны өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қызметін заңдастырумен байланыстырады. Ресми тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтушылар салықтан босатылып, тек әлеуметтік төлем жасайды.
Осы өзгеріс кәсіпкерлік статистикадағы сандық өсімнің бәрі жаңа компания ашылғанын білдірмейтінін көрсетеді. Көрсеткіштің елеулі бөлігі бұған дейін бейресми еңбек еткен азаматтардың заңды экономикалық айналымға қосылуы есебінен қалыптасқан. Мемлекет үшін мұндай қадам жұмыспен қамту құрылымын нақтылауға, ал азаматтар үшін әлеуметтік және зейнетақы жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жалдамалы жұмысшысы жоқ 260 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектісі қызметін тоқтатқан. Үкімет аталған үрдісті кәсіпті салықтық міндеттемені азайту мақсатында бірнеше заңды тұлғаға жасанды түрде бөлу тәжірибесінің қысқаруымен байланыстырып отыр.
Кәсіпкер көбейді, бос құрылым азайды
Бизнесті бөлшектеу кезінде бір кәсіптің айналымы бірнеше жеке кәсіпкер немесе компания арасында таратылуы мүмкін. Мұндай тәсіл салық режимінің жеңілдігін сақтауға немесе белгіленген шектен аспауға мүмкіндік беретін. Жаңа талаптан кейін экономикалық қызметі жоқ немесе формалды тіркелген субъектілердің бір бөлігі нарықтан шыға бастаған.
Корпоративтік табыс салығы бойынша аванстық төлем тәртібі де өзгерді. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап аванстық төлем жасау шегі 325 мың АЕК-тен 600 мың АЕК-ке дейін көтерілді. Ақшалай есеппен шек 1,4 млрд теңгеден 2,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Жаңа талапқа сәйкес келетін кәсіпорындар корпоративтік табыс салығы бойынша түпкілікті есепті жылына бір рет береді. Бұған дейін тиісті төлем бюджетке есепті жылдың ішінде ай сайын түсіп отырған. Енді 2026 жылдың қорытындысы бойынша есептелетін түсімнің бір бөлігі 2027 жылғы бюджеттен көрінеді.
Мұндай өзгеріс бизнеске есептілік жүктемесін азайтып, айналым қаражатын ұзақ уақыт өз иелігінде ұстауға мүмкіндік береді. Кәсіпорын салықты алдын ала ай сайын төлемей, ақшаны өндірісті кеңейтуге, тауар сатып алуға, қызметкерлердің еңбекақысына немесе ағымдағы міндеттемелерін өтеуге бағыттай алады.
Сонымен бірге жаңа тәртіп бюджеттік жоспарлауға қосымша талап қояды. Түсімнің есепті жылдан кейінгі кезеңге ауысуы ай сайынғы кіріс динамикасына әсер етеді. Сондықтан салықтық жеңілдік пен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы арасында теңгерім сақталуы қажет.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Қанат Шарлапаев іскер қоғамдастық атынан бірқатар мәселе көтеріп, ұсыныстарын таныстырды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин де кәсіпкерлік сектордағы ахуалға қатысты пікір білдірді.
Сандық өсім сапаға айнала ма
Олжас Бектенов мемлекет пен бизнес арасындағы байланысты күшейтіп, экономиканың тұрақты өсіміне бағытталған ынтымақтастықты жалғастыруды тапсырды. Қаржы және Ұлттық экономика министрліктері «Атамекен» палатасымен бірге кәсіпкерлік секторының жағдайын ай сайын талдайды. Мониторинг салалық және өңірлік бөліністе жүргізіледі.
Алғашқы қорытынды кәсіпкерлік статистиканың екі бағытта өзгергенін байқатады. Бір жағынан, бейресми еңбек еткен жүздеген мың азамат заңды айналымға қосылды. Екінші жағынан, экономикалық мазмұны әлсіз және бизнесті бөлшектеуге пайдаланылған субъектілердің саны қысқарды.
Салық реформасының толық нәтижесін бір жартыжылдықпен бағалау ерте. Негізгі көрсеткіш кәсіпкерлер санының механикалық өсуі емес, жұмыс істейтін компаниялардың табысы, жаңа жұмыс орны, өндіріс көлемі және бюджетке тұрақты түсім болмақ. Үкімет енгізген ай сайынғы талдау осы сандық өзгерістің нақты экономикалық өсімге айналғанын көрсетуі тиіс.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







