Бірыңғай банкаралық QR-код кәсіпкерлерге төлем қабылдауды жеңілдетуі керек еді. Алайда жаңа жүйе іске қосылғалы бері бизнес өкілдері банк ұстайтын комиссияның жоғары екенін айтып, наразылық білдіре бастады. Ұлттық банк тарифті бірден түсіре алмайтынын, бірақ комиссияны азайту үшін банктермен жұмыс істейтінін мәлімдеді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банк комиссиясы мемлекет белгілейтін тарифке жатпайды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
«Комиссия көлемін төмендету үшін жұмыс істейміз. Бірақ Ұлттық банк банктерге тарифті бұйрықпен түсіре алмайды. Себебі банк қызметі табиғи монополия санатына кірмейді», – деді Сүлейменов.
Оның сөзінше, тариф мәселесі банктердің қатысуымен өтетін арнайы кеңесте талқыланады. Ұлттық банк сол кеңесте жұмыс органы ретінде отырады. Сондықтан комиссияны азайту банктермен келісу арқылы жүзеге асуы керек.
Сүлейменов Бірыңғай QR жақында ғана іске қосылғанын айтып, жүйенің жұмысына әзірге түпкілікті баға беруге ерте екенін жеткізді. Банктер мен кәсіпкерлерге жаңа тәртіпке бейімделу үшін уақыт қажет.
Бірыңғай QR қолданыстағы төлем тәсілдерін жоймайды. Кәсіпкер клиенттен ақшаны қолма-қол қабылдай алады, банк картасын немесе өз банкінің QR-кодын пайдалана алады. Бірыңғай жүйеге көшу-көшпеу туралы шешімді әр кәсіп иесі өзі қабылдайды.
Бас банкир кәсіпкерлерден жаңа QR жүйесіне байланысты тікелей шағым түспегенін айтып отыр. Алайда әлемжеліде бизнес өкілдері комиссияға қатысты наразылығын ашық білдіріп, халықты Бірыңғай QR арқылы төлем жасамауға шақырған.
Сүлейменовтің мәлімдемесінен аңғарылғаны Ұлттық банк комиссияны мәжбүрлі түрде емес, банктермен келіссөз арқылы төмендетпек. Яғни тариф жақын арада бірден өзгермеуі мүмкін, бірақ реттеуші оны кезең-кезеңімен арзандатудың жолын іздеуде.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







