Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің (ҰҚМК) бұрынғы төраға орынбасары Тимур Шабданбеков ұсталды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ақпарат бойынша, елдің Әскери прокуратурасы Шабданбековпен қатар тағы алты ҰҚМК қызметкерін қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланған деген күдікпен ұстаған.
Бұдан бөлек, 13 сәуір күні Әскери прокуратура Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі агенттіктің бұрынғы төраға орынбасары Бекзат Әбдіқаһаровты және ҰҚМК Нарын облыстық басқармасы бастығының бұрынғы орынбасарын ұстаған.
Сондай-ақ ұсталғандардың қатарында кибералаяқтыққа қарсы бөлім басшысы мен жемқорлыққа қарсы күрес бөлімінің жетекшісі де бар.
Сонымен қатар БАҚ-та Red Petroleum жанармай құю станциялары желісінің бас директоры Ақылбек Маматовтың ұсталғаны туралы хабарланды. БАҚ мәліметінше, Ақылбек Маматовтың отбасы ҰҚМК-нің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Тәшиевтің отбасымен тығыз байланыста болған. Маматовтың әкесі Тәшиевтің орынбасары ретінде Қырғыз футбол одағында қызмет атқарған.
Еске сала кетсек, бұған дейін 13 сәуірде ҰҚМК төрағасының орынбасары – Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру орталығының директоры қызметін атқарған Даниэль Рысалиев ұсталған еді. Оған жемқорлық бабы бойынша айып тағылған. Осы іс аясында Ыстықкөл облыстық басқармасының бұрынғы басшысы мен ҰҚМК орталық аппаратының қызметкері де ұсталған.
Айта кетейік, 10 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ҰҚМК төрағасы қызметіндегі серіктесі әрі досы Қамшыбек Тәшиевті барлық қызметінен босатқан болатын. Президент баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл шешім ел ішіндегі бірлікті сақтап, қоғамда және мемлекеттік құрылымдар арасында алауыздықтың алдын алу мақсатында қабылданған.
Тәшиевке жақын адамдар президентке мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етіп, депутаттарды «генерал жағына өтуге» шақырған көрінеді.
Қырғызстанның саяси алаңында тосыннан басталып кеткен тартыстың түйіні шешілер емес.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







