2026 жылдың алғашқы үш айының нәтижесі бойынша елімізде өндірілген мұнай өнімдерінің көлемі 3,7 млн тоннаға жеткен. Жалпы биыл республика бойынша 15,4 млн тонна мұнай өнімін өндіру жоспарланып отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Өндірістің басым бөлігін әлеуметтік маңызы жоғары отын түрлері құрайды: бензин көлемі 1,6 млн тонна, ал дизель отыны шамамен 1,5 млн тонна.
Отандық нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Энергетика министрлігі мұнай өңдеу саласын дамытуға арналған ауқымды бағдарламаны қолға алды.
Жұмыс істеп тұрған зауыттардың қуаттылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Атап айтқанда, Павлодар мұнай-химия зауытының өндірістік қуаты жылына 5,5 млн тоннадан 9 млн тоннаға дейін ұлғаяды.
Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты екі есе өсіп, 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға жеткізіледі. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытының өндірістік қуатын 5,5 млн тоннадан 6,7 млн тоннаға дейін арттыру көзделген.
Сонымен қатар қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытының құрылысы да қарқын алады. Қазіргі таңда бұл жоба бойынша жұмыс жеделдетілген түрде жүргізілуде.
Қазақстанда жақын уақытта мұнай өнімдерін өндіру ісінде жаңа кезең басталды. Қазақстандағы шағын мұнай өңдеу зауыттарына қойылатын талап күшейтіледі. Мемлекет енді олардың әрқайсысына өндірістің кем дегенде 45 пайызын сұранысқа ие, яғни халық пен экономикаға тікелей қажет жанармай түрлерін шығаруды міндеттемек.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







