Қазақстанда концерттер мен басқа да бұқаралық іс-шараларға жалған билет сату арқылы жасалатын алаяқтық жиілеп кетті деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Ішкі істер министрлігі тұрғындарды сақ болуға шақырып, билеттерді тек ресми сатушылардан алуды ұсынды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, интернетте делдалдар тарапынан «кепілді көмекпен билет сатып алуды» ұсынатын жалған хабарландырулар көбейген.
«Алаяқтар билеттерді жоғары бағамен сатуды немесе жалған билеттер таратуды жиілетті. Тұрғындар ақшасын аударып, ештеңе алмай қалады немесе қолдарына жалған билет тиеді. Сондықтан азаматтарды мұқият болуға, тек ресми және тексерілген орындардан билет алуға шақырамыз. Ақшаны белгісіз адамдарға аударудан аулақ болыңыздар», – деді ІІМ баспасөз хатшысы Шұғыла Тұрлыбек.
Сондай-ақ ведомство 2025 жылы Алматыда Дженнифер Лопестің концертіне жалған билет сатқан ер адамның ұсталғанын мысалға келтірді. Тергеу мәліметінше, күдікті интернет-платформаға хабарландыру жариялап, жалған билеттерді өткізіп үлгерген.
Ішкі істер министрлігі билеттерді тек ресми сервистер арқылы сатып алып, алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды ескертті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







