Қазақстанда кей азаматтар мерзімі өтіп кеткен несиесін табысы мен мүлкі тексерілмей-ақ есептен шығаруға үміт арта алады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Мұндай мәлімдемені Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова жасады.
Қазір қарызды есептен шығару үшін екі негізгі талап бар. Азаматтың табысы екі ең төменгі жалақыдан, шамамен 170 мың теңгеден аспауы керек. Оған қоса, атында ешқандай мүлік болмауға тиіс.
Алайда жекелеген санаттағы борышкерлерге келгенде аталған шектеу жүрмейді. Агенттік басшысының айтуынша, егер несие бойынша кешігу мерзімі бес жыл не одан да көп болса, әлгі екі талап қолданылмайды.
Мәдина Әбілқасымова мұндай жағдайда азамат еркін түрде жүгініп, табысы қанша екеніне немесе мүлкі бар-жоғына қарамастан берешегін есептен шығаруға мүмкіндік алатынын айтты.
Сонымен қатар…
Елде «проактивті банкроттық» тетігі енгізіліп жатыр. Мұндай жүйе арқылы мемлекеттік органдар қарызын есептен шығаруға үміткер азаматтарды өздері анықтайды.
Қаржы министрлігінің дерегінше, сондай адамдарға банкроттық рәсімін пайдалануды ұсынған SMS-хабарлама жіберіледі. Әбілқасымова мұндай механизммен өздігінен жүгінетіндер аса көп емес екенін де атап өтті.
Оған қоса, 1 шілдеден бастап Қазақстанда несие беру тәртібі қатаңдай түседі. Банктер енді қарыз алушының төлем қабілетін мұқият бағалайды. Ол үшін борыш жүктемесінің коэффициенті мен қарыздың табысқа арақатынасы ескеріледі.
Мұндай тәсіл азамат табысының қанша бөлігі бұрыннан бар міндеттемелерді өтеуге кетіп жатқанын нақтылауға мүмкіндік береді. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, жаңа несие алу ықтималдығы соғұрлым төмендейді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







