FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстерді 29 тамызға дейін тоқтатты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Тасымалдаушының мәліметінше, шешім Таяу Шығыстағы тұрақсыз ахуалға байланысты қабылданған. Компания өкілдері тоқтатылған рейстердің жолаушыларына билет құнын толық қайтару қарастырылғанын, бұл ретте ешқандай айыппұл ұсталып қалмайтынын хабарлады.
Егер билет FlyArystan-ның ресми сайты немесе мобильді қосымшасы арқылы алынған болса, жолаушылар ақшасын онлайн түрде өздігінен қайтара алады. Ал билетті туристік агенттік не өзге сату арналары арқылы рәсімдегендер сол сатып алған орнына жүгінуі керек.
Айта кетейік, бұған дейін Air Astana компаниясы да Дубайға қатынайтын тұрақты рейстердің тоқтатылуын 30 сәуірге дейін ұзартқан болатын.
Айтқандай, жазғы маусым қарсаңында FlyArystan Грузия бағытына басымдық беріп, Астанадан ұшатын рейстер санын қайта пысықтағанын тілшілеріміз жазған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







