Сапалы білім қазір тек жеке адамның табысқа жету құралы емес, тұтас елдің ертеңін айқындайтын стратегиялық күшке айналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам капиталын дамыту мәселесін әр Жолдауында бекер көтеріп жүрген жоқ. Себебі мықты мемлекет ең алдымен ойы сергек, танымы терең, бәсекеге қабілетті ұрпақпен қалыптасады.
Осы міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік мекемелермен қатар жекеменшік білім ордаларының да салмағы артып келеді. Қаскелең қаласында аз уақыттың ішінде өзіндік нәтижесін көрсетіп, шәкірттерін биік межеге жетелеген «Gybrat High School» орталығы – осының бір айғағы.
Аталған білім ордасының негізі кездейсоқ қаланған жоқ. Оның бастауында қарапайым бір дебат клубы тұрды. Сол кезеңде жастардың білімге деген құштарлығы, еркін ойлауға, пікір айтуға, өзін тұлға ретінде дамытуға деген талпынысы айқын сезілді.
Осындай ізденіс үлкен мақсатқа ұласып, кейін жаңа білім кеңістігін қалыптастыруға жол ашты. Яғни орталықтың іргесі жай оқу орнын ашу ниетінен емес, ойлайтын, сөйлейтін, елге қызмет ететін буын тәрбиелеу арманынан қаланды.
Орталық атауын таңдау кезінде де терең мәнге басымдық берілді. «Ғибрат» сөзі біздің түсінігімізде жай әдемі атау емес, білім мен тәрбиенің егіз ұғым екенін аңғартатын бағдаршам іспетті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ілім мен адамгершілікті қатар ұстаған қағидалары біз үшін басты темірқазық болды. Сол себепті біз ақпаратты жаттап алатын оқушы емес, алған білімін өмірде кәдеге жарата алатын, ел игілігіне жұмсайтын, парасаты орныққан азамат тәрбиелеуді басты миссия етіп алдық.
Осы ұстанымның нәтижесі нақты көрсеткіштерден де байқалады. Ұлттық бірыңғай тестілеуде шәкірттеріміздің 134-136 балл аралығындағы жоғары нәтижеге жетуі – жай статистика емес, жүйелі еңбектің жемісі.

Әр оқушыға жасалған жеке даму картасы, нақты мақсатқа бағытталған әдістемелік дайындық, ұстаз бен шәкірт арасындағы сенімге құрылған байланыс осындай межеге жеткізді. Мұндай табыс сырт көзге бір сәттік жетістік болып көрінуі мүмкін. Алайда оның артында күнделікті тәртіп, тынымсыз дайындық, психологиялық қолдау және әр баланың әлеуетін дәл тану жатыр.
Дегенмен біздің түсінікте жетістік тек жоғары балмен өлшенбейді. Қазіргі әлемде құрғақ білім аздық етеді. Жаһандану дәуірінде сыни ойлау, көшбасшылық, командамен жұмыс істеу, ойын анық жеткізу, көпшілік алдында еркін сөйлеу секілді дағдылар алдыңғы қатарға шықты. Сондықтан орталықта интеллектуалдық дебат клубтары мен startup алаңдарының тұрақты жұмыс істеуі бекер емес. Ол жерлерде шәкірттер өз ойын дәлелдеуге, қарсы пікірді тыңдауға, жаңа идея ұсынуға, бастама көтеруге машықтанады. Осындай орта баланың ішкі сенімін бекітіп, ертеңгі үлкен өмірге бейімдейді.
Контекст
Осындай кешенді дайындық оқушыларымызға халықаралық білім кеңістігіне де жол ашты. Қазір орталық Еуропа мен Азиядағы бірқатар беделді жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып отыр. Нәтижесінде түлектеріміз Италия, Словакия, Малайзия секілді елдердің үздік университеттерінде грантпен білім алуда. Бұл – тек шәкірттің жеке жеңісі емес, ұстаздар еңбегінің, жүйелі білім беру тәсілінің және мақсатты жұмыстың нақты көрінісі. Әр ата-ана өз баласының болашағына алаңдайды. Ал сол алаңдаушылық сенімге айналған сәтте білім ордасының шынайы беделі қалыптасады.
Ата-аналардың осы сенімі мен шәкірттердің қол жеткізген нәтижесі бізді жаңа белеске жетеледі. Соның негізінде 2026-2027 оқу жылынан бастап «Gybrat High School» жобасының ауқымын кеңейтіп, 1-9 сыныптарды қамтитын толыққанды орта мектеп форматына көшу туралы шешім қабылданды.
Қаскелеңде салынатын жаңа заманауи «Gybrat School» мектебі балалардың тек сабақ оқитын орны емес, жан-жақты даму алаңына айналуы тиіс. Онда ғылыми зертханалар, шығармашылық студиялар, зияткерлік ізденіске арналған кеңістіктер жұмыс істейді. Яғни мақсат – жай мектеп салу емес, болашаққа дайын тұлға қалыптастыратын тірі орта құру.
Біз үшін әр шәкірт – жай оқушы емес, елдің ертеңгі капиталы. Сондықтан оның бойындағы табиғи қабілетті дер кезінде танып, дұрыс арнаға бағыттау аса маңызды. Бір бала ғылымға бейім, енді бірі өнерге жақын, үшіншісі ұйымдастыруға, көшбасшылыққа икемді болуы мүмкін. Сол ерекшелікті жоғалтпай, қайта шыңдай білу – бүгінгі білім ордасының басты жауапкершілігі. Біздің ұзақ мерзімді ұстанымымыз да осы: өз ісінің шебері болатын, ұлтын сүйетін, өмірден өз орнын таба алатын, бақытты әрі саналы азамат тәрбиелеу.
Сондықтан «Gybrat High School» үшін білім беру – тек қызмет көрсету саласы емес, әлеуметтік миссия. Біз ұлттың болашағы мектептен басталатынын анық түсінеміз. Ертең елді алға бастырар, қоғамға серпін берер, жаңа идея әкелетін буын дәл бүгінгі сыныпта отыр. Сол буынға сапалы білім мен тағылымды тәрбие беру – уақыт талабы ғана емес, ұлттық міндет.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







