Жапониядағы өндірістік тәртіп пен үздіксіз жетілдіру мәдениеті Toyota-ны 300 мың мильге, яғни шамамен 482 мың шақырымға дейін жүре алатын көлік шығаратын бренд ретінде танытты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Toyota ұзақ уақыт бойы сенімді әрі төзімді автомобиль жасайтын компания ретінде бағаланып келді. Соңғы кезеңде i-FORCE қозғалтқышына қатысты мәселе мен bZ4X электр моделінің төңірегіндегі сын сол беделге аздап көлеңке түсірді. Соған қарамастан, 300 мың миль шегінен асқан немесе сондай ресурсқа жақындаған көліктің басым бөлігінде әлі де Toyota эмблемасы тұр.
Мұндай атақ бір күнде қалыптаспайды. Әуелі қате жасалады, кейін одан сабақ алынады, одан соң процесс қайта қаралады. Осы айналым тоқтамай жалғасады. Жапон тіліндегі «кайдзен» ұғымы да дәл осыны білдіреді. «Кай» – өзгеріс, «дзен» – жақсы жаққа бағытталған түзету.
Мағынасы – сапаны тұрақты көтеру, шығынды азайту, ысырапты қысқарту, тиімділікті арттыру. Кейін осы қағида Sony, Canon, Samsung, Honda, Ford, Nestlé секілді түрлі компанияның өндірістік тәжірибесіне енді. Уақыт өте келе кайдзен аэроғарыш, денсаулық сақтау, білім беру сияқты салаларға да тарады.
Дегенмен осы тәсілді әлемге өндірістік жүйе деңгейінде көрсеткен негізгі компанияның бірі – Toyota. Корпорация қалыптастырған Toyota Production System, яғни TPS, кайдзенді жай ұран күйінде қалдырмай, нақты өндірістік тәртіпке айналдырды.
Toyota пайымынша, кайдзен «дзидока» қағидасының өзегінде жатыр. Дзидока – адам қатысатын автоматтандыру. Компанияның түсінігі бойынша, машинаны бірден іске қоспас бұрын, процесті қолмен орындап көру қажет. Сонда қай тұста ақау тууы мүмкін екені, қай жерде әлсіз буын бар екені ертерек анықталады.
Осы талдау мен түзету аяқталған соң, жиналған тәжірибе өндіріс желісіндегі техникаға енгізіледі. Егер өнім қалыптан ауытқыса немесе жабдық бұзылса, жүйе ақауды өзі анықтап, қажет болған жағдайда желіні тоқтата алады. Автоматтандырылмаған бөлікте жұмысшы арнайы бауды тартып, процесті тоқтатып, мәселені тексеріп, жөндейді. Яғни Toyota үшін басты өлшем жалғыз жылдамдық емес. Ақауды ерте байқау, себепті ашу, содан кейін ғана келесі қадамға көшу әлдеқайда маңызды.
Осы өндірістік философияның екінші тірегі – Just-In-Time қағидасы. Toyota оны «қажет өнімді, қажет сәтте, қажет көлемде шығару» деп түсіндіреді. Мұнда артық қор жинауға да, бос өндірістік айналымға да орын жоқ. Компания технологияның тоқтаусыз өзгеріп отыратынын да мойындайды. Жаңа әдіс жаңа қиындық алып келеді.
Соған қарамастан, Toyota бір негізгі ойды алға тартады: робот пен машина қанша жерден жетілсе де, өздігінен кемелденбейді. Оны жаңа деңгейге шығаратын күш – адам ақылы мен тәжірибесі. Кайдзеннің ұзақ өмір сүретін тұсы да осында.
Контекст
Әрине, Toyota тарихын мінсіз деп айту қиын. Соңғы жылдары бірқатар өнімге қатысты сын күшейді. Соған қарамастан, Consumer Reports дерегі компанияның әлі де жолдағы ең сенімді автомобильдің бірін жасап отырғанын көрсетеді. Ал 300 мың миль межесін еңсеретін модельдерге назар аударған Forbes тізімінде де Toyota басым.
Әсіресе ескі буындағы Land Cruiser төзімділігімен аты шыққан. 4Runner, Tacoma, Sequoia модельдері де ұзақ жүріспен танылған техника саналады. Көп механик мұндай Toyota көлігі уақтылы техникалық қызмет көрсе, өте ұзақ уақыт жүре алатынын жиі айтады.
Осындай нәтижеге жарқыраған дизайннан гөрі ұстамды инженерия көбірек әсер етті. Toyota көп жағдайда автомобиль нарығындағы әр жаңа сәнге ілесе бермеді. Соның арқасында Camry, Corolla секілді модельдер 200 мың мильден де әрі ірі мәселе шығармай жүретін көлік ретінде танылды. Негізгі түйін біреу: ұсақ өзгерісті үздіксіз енгізу ірі нәтижеге алып келеді. Бренд соңғы кезеңде сынға жиі іліксе де, Consumer Reports жасаған 2025 жылғы ең ұзақ жүретін 12 автомобиль тізімінің сегізі қазіргі Toyota модельдері болды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







