Үкімет жоғары білімге қабылдау тәртібін қайта қарауға кірісті. Әсіресе педагогикалық мамандыққа баратын талапкерге қойылатын талап күшеймек деп жазады деп жазады Ertenmedia.kz.
Енді әңгіме тек ҰБТ балында емес, адамның ойлау машығы, сөйлеу қабілеті мен оқытуға қаншалық дайын екенінде болғалы тұр.
Премьер-министрдің орынбасары, мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева адами капиталға салынатын инвестиция мемлекеттік саясаттың өзегіне айналғанын айтты. Оның пайымынша, кадр сапасын көтермей, елдің ұзақ мерзімді дамуы туралы айту қиын. Сол себепті ұсынылып отырған қадамдар кезекті формалды реформа емес, маман даярлау жүйесін жаңа деңгейге көшіруге арналған бетбұрыс ретінде көрінеді.
Не өзгереді?
Балаева ең әуелі педагогикалық жоғары оқу орындарына қабылдау тәсілін өзгертуді ұсынды. Оның сөзінше, мектепке баратын маман тек пәнді білгені үшін ғана емес, ойлай алатын, талдай алатын, адаммен тіл табыса алатын қабілеті үшін де бағалануы керек.
«Педагогикалық жоғары оқу орындарына талапкер іріктеуде тестілеу мен арнайы емтиханды ұштастырған гибридті бағалау тетігін енгізу қажет. Негізгі назар тек пәндік білімге емес, ойлау қабілетіне, талдау машығына, оқуға дайындығына және өзге де маңызды көрсеткішке аударылуы тиіс», деді Аида Балаева.
Келесі жылдан бастап не өзгереді?
Оның айтуынша, келесі жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түсу кезінде ҰБТ нәтижесімен қатар ауызша емтихан қорытындысы да ескеріледі. Сол емтиханда сыни ойлау мен коммуникативтік қабілет басты өлшемнің біріне айналмақ. Министр жаңа форматтағы тапсырмалар Admissions Insight Test аясында әзірленетінін де атап өтті.
Осы жерде үкіметтің ішкі логикасы анық байқалады. Қағаз жүзінде жоғары балл жинаған әр талапкер ертең мықты мұғалім болып шықпауы мүмкін. Ал орташа балл алғанымен, ойы жинақы, сөзі орнықты, бала психологиясына бейім талапкердің әлеуеті әлдеқайда жоғары болуы ықтимал. Балаева ұсынып отырған өзгеріс дәл осы алшақтықты азайтуға бағытталған.
Педагогикамен шектелмей, ҰБТ-ның өзіне де жаңаша қарау ұсынылды. Вице-премьер ұлттық тестілеуді толық жаңғыртып, оны мемлекеттік грантқа түсудегі шешуші әрі бір реттік емтихан ретінде бекітуді қолдайтынын аңғартты. Дегенмен талапкер өз деңгейін алдын ала байқап көруі үшін сынама тест жүйесі сақталады.
Балаева көтерген тағы бір түйткіл
Foundation бағдарламасы арқылы шартты қабылдау жүйесі. Оның сөзінше, мұндай тәсіл күткен нәтижені бермеген.
«Жоғары оқу орындарына Foundation бағдарламасы арқылы шартты қабылдау жүйесінен бас тарту қажет. Тәжірибе көрсеткендей, осындай жолмен қабылданған студенттердің 50–60 пайызы оқу барысында тіпті ең төменгі шекті балды да игере алмайды. Басты мақсат әділ іріктеу жасап, шынымен қабілетті талапкерді анықтау», деді министр.
Осы пікірдің өзінен-ақ үкіметтің қай бағытқа бет алғаны аңғарылады. Яғни мәселе талапкер санын көбейтуде емес, сапасын сүзуде болып тұр. Бұрын әлсіз дайындықпен де университет табалдырығын аттауға жол қалса, енді ондай саңылау тарылмақ.
Балаева тағы бір маңызды жайтты бөле айтты. Оның пайымынша, жаңа тетік тесті түгел ысырып тастауға құрылмаған. Әңгіме тесті жоққа шығаруда емес, оны толықтыратын құрал қосуда жатыр. Басқаша айтқанда, сертификаттағы цифр ғана емес, талапкердің тұлғалық әлеуеті де есепке алынуға тиіс.
Мұндай ұстаным әсіресе болашақ мұғалімге қатысты салмақты естіледі. Өйткені мектепке кіретін адам жай ғана пән жеткізуші емес, ой қалыптастыратын тұлға. Сол себепті билік енді мұғалім дайындауды аудиторияға түскен соң емес, есіктен кірер сәттен бастап іріктемек.
Егер ұсыныстар толық іске асса, Қазақстандағы педагогикалық мамандыққа түсу жолы едәуір күрделенеді. Бірақ сол күрделілік маман сапасын өсірсе, мұғалім беделін көтерудің ең нақты тетігі де осы болмақ. ҰБТ дәуірі аяқталмайды, бірақ енді жалғыз өзі шешуші үкім айта алмайтын кезең басталғалы тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







