Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар ауданындағы «Ақжол-М» оңалту орталығында ем қабылдап жүрген ерекше балалардың тұсаукесер рәсіміне қатысып, олардың алғашқы қадам басқан сәтіне куә болды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Орталықта ем алып жүрген бүлдіршіндер ұзақ уақыт жүргізілген оңалту шараларының, табандылықтың және өмірге деген құштарлықтың арқасында жаңа белеске жетіп отыр. Емнің нәтижесін күн сайын көріп жүрген ата-ана мен маман үшін мұндай сәттің салмағы бөлек. Ал бала үшін алғашқы нық қадам жай ғана қимыл емес, жаңа өмір кезеңіне аяқ басу.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жәмішев, «Қазақстан халқына» қорының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева және бірқатар қоғамдық қор өкілдері қатысты. Қонақтар балаларға ақ тілегін айтып, олардың қадамы берік, жолы ашық болсын деген ниетін жеткізді. Сонымен бірге бүлдіршіндердің өнерін тамашалап, орталықтағы жұмыстың нәтижесімен танысты.
Марат Сұлтанғазиев өз сөзінде осындай кездесудің мәні ерекше екенін айтты. Оның айтуынша, баланың алға жылжуы ұзақ уақыт бойғы тынымсыз еңбектің жемісі. Әкім тұсаукесер рәсімі қазақы дүниетанымда баланың жолы ашық, қадамы оң болсын деген ізгі ниеттен туған маңызды дәстүр екенін атап өтті. Сондай-ақ орталықтың әр балаға сенім ұялатып, үміт отын жағып отырғанын айтып, мамандарға ризашылығын білдірді.

Өңір басшысы алдағы кезеңде осындай мекемелердегі қызмет сапасын одан әрі көтеру маңызды екенін жеткізді. Оның сөзінше, облыс әкімдігі балаларға көмек көрсетуге бағытталған игі бастамалардың бәрін қолдауға дайын. Мұндай орталықтар медицина мен оңалтудың ғана емес, ата-анаға демеу болатын сенім алаңының да қызметін атқарып отыр.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар орталықта дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Қазір мұнда 275 балаға көмек көрсетіліп жатыр. Ал 2014 жылдан бері 1000-нан астам бала осы орталықта тегін ем қабылдаған. Осы деректің өзі «Ақжол-М» мекемесінің аудан көлеміндегі ғана емес, тұтас өңір үшін маңызды әлеуметтік нысанға айналғанын аңғартады.
Алматы облысында өмір жолында ауыр сынаққа тап болған, бірақ соған мойымай келе жатқан балаларға қолдау көрсету бағыты күн тәртібінен түскен жоқ. Осындай сәттер қоғамға бір шындықты тағы еске салады: кейде ең үлкен жеңіс үлкен мінберде емес, баланың өз аяғымен жасаған алғашқы қадамынан көрінеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







