Firebase бүгінде Google экожүйесіндегі ең маңызды әзірлеуші платформалардың біріне айналды. Бірақ оның жолы чат сервисінен басталғанын көп адам біле бермейді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Компания алғаш 2011 жылы Envolve деген атаумен құрылған. Бастапқыда бұл жоба сайттарға арналған чат API ұсынуға бағытталды. Алайда негізін қалаушылар Джеймс Тамплин мен Эндрю Ли әзірлеушілердің сол инфрақұрылымды чаттан бөлек, қолданбадағы деректерді нақты уақыт режимінде синхрондауға пайдаланып жүргенін байқайды.
Соның нәтижесінде жоба бағытын өзгертіп, 2012 жылы Firebase деген атпен қайта іске қосылды. Ал 2014 жылы Google оны өз құрамына қосты.
Google қолына өткеннен кейін Firebase кәдімгі стартап күйінде қалған жоқ. Ол мобильді және веб-әзірлеушілерге арналған үлкен платформаға айналды. Firebase-тің басты артықшылығы – қолданба жасау кезінде жеке серверді өзің басқарып әуре болмауға мүмкіндік беруінде.
Платформа әзірлеушіге дайын инфрақұрылым ұсынады, ал өзі қауіпсіздік, ауқымдану және техникалық сүйемелдеуді Google Cloud арқылы көтереді. Firebase-тің ресми сипаттамасында оның қолданба құру мен жүргізудің толық цикліне арналған сервис екені және оны әлем бойынша миллиондаған компания қолданатыны айтылған.
Платформаның ең танымал құралдарының бірі – Realtime Database. Бұл сервис деректі бұлтта сақтап қана қоймай, оны барлық қосылған клиентке нақты уақыт режимінде жаңартып отырады. Яғни бір қолданушы өзгеріс енгізсе, екіншісінің экранында ол бірден көрінеді. Мұндай мүмкіндік чат, тапсырыс жүйесі, трекинг, бірлескен жұмыс секілді сервистерге өте ыңғайлы.
Firebase Authentication де кең қолданылады. Ол әзірлеушіге қолданбаға кіру жүйесін нөлден құрастырмай-ақ, дайын тетік арқылы іске қосуға көмектеседі. Электронды пошта, телефон нөмірі, Google, Apple және басқа да аккаунттар арқылы авторизация жасауға болады. Бұл әсіресе уақыт үнемдеп, қауіпсіз кіру жүйесін тез іске қосқысы келетін командалар үшін маңызды.
Тағы бір маңызды бөлік – Cloud Functions. Бұл құрал сервер ұстамай-ақ, белгілі бір оқиғаға жауап ретінде код орындауға мүмкіндік береді.
Мысалы, қолданушы тіркелгенде хабарлама жіберу, дерек өзгерсе автоматты өңдеу жасау немесе фондық есеп шығару секілді міндеттерді осы сервис атқара алады. Яғни Firebase жай дерек сақтау орны емес, толыққанды серверлік логиканы да іске қосатын ортаға айналған.
Қысқасы, Firebase-тің табысы оның дәл уақытында бағыт өзгерте білуінде жатыр. Чат сервисінен басталған жоба кейін нақты уақыттағы дерекпен жұмыс істейтін платформаға айналды, ал Google оны сатып алған соң, бүкіл әлем әзірлеушілері қолданатын қуатты экожүйеге өсті. Бүгінде Firebase қолданба жасауды арзандатып, жеңілдетіп, жылдамдататын негізгі құралдардың бірі саналады.
Waymo Google-дың сатып алған бренді емес, өз ішінде өсірген жобасы. Компанияның өзі Waymo-ны бұрынғы Google self-driving car project, яғни Google-дың өзін-өзі жүргізетін көлік жобасының жалғасы ретінде сипаттайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







