Қазақстанның әртүрлі қалаларында бензин бағасында айтарлықтай айырмашылық байқалады. Жекелеген өңірлерде жанармай құны арасындағы айырмашылық литріне 20 теңгеге дейін жетеді. Бұл туралы KAZENERGY сараптамалық орталығы хабарлады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Сарапшылардың айтуынша, қазір жанармай нарығындағы жағдай тұрақты, баға күрт өзгермеген. Бірақ өңірлер арасында жанармай бағасының айырмашылығы айтарлықтай.
Мәселен, АИ-92 маркалы бензин Астана мен Алматыда литріне 237-240 теңгеден сатылса, Шымкентте бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – 221-226 теңге аралығында. Яғни екі ірі қала мен оңтүстік мегаполистегі баға айырмашылығы 12-19 теңгеге жетеді.
АИ-95 маркалы бензинге келсек, баға диапазоны литріне 297-322 теңге шамасында. Елордада бұл жанармай 309-315 теңгеге, Алматыда 313-322 теңгеге сатылса, Шымкентте бағасы төменірек – литріне 297-305 теңге.
Ең қымбат бензин маркасы – АИ-98. Оның бағасы литріне 345-375 теңге аралығында.
Дизель отынының бағасында аса үлкен айырмашылық байқалмайды. Барлық өңірлерде литрі 325-336 теңге көлемінде саудалануда. Ал автогазға келер болсақ, Астана мен Алматыда литрі 112 теңгеден болса, Шымкентте 102 теңге шамасында сатылуда.
Жалпы алғанда, жанармай бағасы басқарылатын дәліз аясында қалып, күрт секірістер тіркелген жоқ. Дегенмен, өңірлік баға айырмашылығы әлі де өзекті болып тұр.
Қазақстанда 2026 жылғы 19 сәуірден бастап валюталық бақылау талаптары күшейтілді. Ұлттық банк валюталық операцияларды мониторингтеу ережелерін жаңартты.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







