Алматыдағы АҚШ Бас консулдығы «Ғылым ордасы» мекемесінің қорына 100-ден астам ғылыми басылымдардан тұратын кітаптар топтамасын табыс етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Шараға АҚШ Бас консулы Мишель Еркін, «Ғылым ордасы» РМК бас директорының міндетін атқарушы Азамат Нұршанов, консулдық өкілдері және Орталық ғылыми кітапхананың қызметкерлері қатысты.
Бас консул Мишель Еркін бұл бастаманың ғылыми байланыстарды дамытуда стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
– 100-ден аса ғылыми басылымдар мен «Америкалық кітаптар бұрышының» ашылуы – білім мен ғылымдағы ынтымақтастығымыздың маңызды кезеңі. Біз ұсынған бұл ресурстар ғылыми ізденістерді жандандырып, екі ел ғалымдарының тәжірибе алмасуына ықпал етеді деп сенемін, – деді Бас консул.
Қазір Орталық ғылыми кітапхана қорында 5,8 миллионнан астам басылым, оның ішінде латын, қытай, араб және шағатай тілдеріндегі сирек кездесетін қолжазбалар сақталған.
АҚШ-тың табыстаған кітаптарының ішінде Scopus пен Routledge дерекқорларында тіркелген ғылыми басылымдардың болуы олардың заманауи академиялық құндылығын білдіреді.
Сонымен бірге, «Америкалық кітаптар бұрышының» құрылуы екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға негіз болады. Алдағы уақытта осы басылымдарды цифрландыру арқылы Қазақстанда ғана емес, халықаралық деңгейде де қолжетімділігін арттыру көзделген.
Жалпы бұл бастама ғылыми қауымдастыққа сапалы білім ресурстарын ұсынып, академиялық байланысты нығайтуға және халықаралық диалогты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болмақ.
Ғылым ордасында архив мамандары ұлттық мұраны қалпына келтіру бойынша кәсіби шеберліктерін арттырады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







