Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының белсенділері алдында сөйлеген сөзінде қаңғыбас иттер мәселесіне арнайы тоқталды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің айтуынша, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін күшейту қажет. Әсіресе үй жануарлары адамдардың салғырттығының құрбаны болмауы тиіс. Мемлекет басшысы Үкіметке жануарларды тиісінше ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті қатаңдатуды, ал оларға қатыгездік көрсеткендерге қатысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді тапсырды.
Тоқаев қаңғыбас иттер мәселесінің түпкі себебі көбіне адамның немқұрайдылығында жатқанын айтты. Кей азаматтар әуелде жануарды асырап алып, кейін жауапкершіліктен қашып, оны көшеге тастап кетеді. Соның салдарынан қаңғыбас иттер көбейіп, балалар мен ересектерге қауіп төндіретін жағдайлар жиілеп отыр.
Президент мұндай құбылыстың алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, арнайы панажайлардың жұмысына қоғамдық бақылау орнатылуы керек. Бірақ мұндай бақылау даурықпа мен хайп үшін емес, нақты нәтиже үшін жүргізілуі тиіс.
Мемлекет басшысы қаңғыбас иттерге қамқорлық жасау мәселесі қоғамды екіге бөлуге, адамдарды бір-біріне қарсы қоюға себеп болмауы керек екенін ескертті. Негізгі мәселе жағдайдың ушығып кеткенінде. Өңірлерден келіп жатқан мәліметтерге қарағанда, балалар да, ересектер де жабайыланып кеткен иттердің шабуылына жиі тап бола бастаған. Сондықтан бұл іске мемлекет те, қоғам да, Парламент те заңнамалық тұрғыдан араласуы қажет.
Сонымен бірге Тоқаев қорғансыз жануарларға қатыгездік көрсетуге төзбеу керек екенін айтты. Үй жануары болған иттер мен өзге де жануарларды азаптаған адамдар, Президенттің пікірінше, заң алдында жауап беруі тиіс. Қажет болған жағдайда қылмыстық жаза да қолданылуы керек.
Мемлекет басшысы мұндай тәсілдер қоғамда қоршаған ортаға, жануарларға және жалпы тіршілік иелеріне жауапкершілікпен қарау мәдениетін нығайтатынын атап өтті. Оның айтуынша, жануарларға жанашырлықпен қарау да «Таза Қазақстан» бастамасының маңызды бөлігі саналады.
Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның атом саласын 2050 жылға дейін дамытудың стратегиясын бекітті.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







