Ақтау гарнизонында журналистер теңізшілердің күнделікті өмірімен жақын танысты. Пресс-тур барысында БАҚ өкілдеріне ұшқышсыз авиацияның дамуы және дрон операторларын оқыту тәртібі таныстырылды. Қазір Әскери-теңіз күштерінде екі мамандандырылған зертхана мен бір оқу сыныбы жұмыс істейді. Онда тек осы бағыттағы мамандар ғана емес, өзге бөлімшелердің әскери қызметшілері де бастапқы дайындықтан өтеді. Мұндай тәсіл қазіргі ұрыс даласының өзгергенін аңғартады. Дрондар қазір барлау, бақылау, нысана табу және тактикалық шешім қабылдау жүйесінің маңызды бөлігіне айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысы басқармасы бас штабының роботтандырылған жүйелерді қолдану жөніндегі аға офицері, подполковник Григорий Селивановтың айтуынша, оқыту әскери қызметшілерге ұшқышсыз жүйені басқарудың бастапқы дағдысын беруге және қазіргі қару түрлері туралы түсінік қалыптастыруға бағытталған. Оның сөзінше, мұндай дайындық бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттырып, жеке құрамды заманауи ұрыс жағдайына бейімдейді.
Журналистерге FPV-дрондардың мүмкіндігі де көрсетілді. Мұндай аппаратты басқарған оператор дрон камерасынан келген бейнені арнайы көзілдірік арқылы көреді. Яғни, ол ұшқышсыз аппараттың ішінде отырғандай әсер алады. FPV жүйесінің ерекшелігі де осында. Оператор кеңістікті нақты сезіп, дронды жоғары дәлдікпен бағыттай алады. Қазіргі әскери тәжірибеде мұндай технология барлау мен нысанға жақындау кезінде ерекше мәнге ие.
Бұдан кейін баспасөз турының келесі бөлігі оқу-сүңгуірлік орталығында жалғасты. Капитан-лейтенант Руслан Қунақов орталықта әртүрлі мамандықтағы сүңгуірлер дайындалатынын айтты. Олардың қатарында жауынгерлік жүзушілер, техникалық бағыттағы мамандар, сондай-ақ штаттағы және штаттан тыс кеме сүңгуірлері бар.
Сүңгуірлер қалай дайындалады?
Журналистерге ашық және жабық циклді аппараттар, шлангалы сүңгуір жабдығы көрсетілді. Республикалық телеарналардың бір өкілі арнайы нұсқаушымен бірге жабдықты тәжірибе жүзінде сынап, суға түсті.
Сүңгуір дайындығы теңіз күштері үшін жай қосымша машық емес. Ол кеме қауіпсіздігі, су астындағы техникалық жұмыс, іздестіру, құтқару және арнайы міндеттермен тікелей байланысты. Теңіздегі қауіп көбіне көзге көрінбейді. Сондықтан мұндай орталықта дайындалған маман су астындағы қысымға да, күрделі жағдайда шешім қабылдауға да, арнайы жабдықпен ұзақ жұмыс істеуге де бейім болуы керек.
Түс ауа журналистер теңіз жаяу әскерлері орналасқан бөлімге барды. Мұнда десанттық-шабуылдау батальонында мерзімді қызметін өтеген әскери қызметшілердің Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі өтті. Салтанатты шараға әскери-теңіз базасының қолбасшылығы, ардагер теңізшілер, қоғамдық ұйым өкілдері және сарбаздардың ата-аналары қатысты. Әскери бөлім басшылығы матростарға борышын адал атқарғаны үшін алғыс айтып, алдағы азаматтық өміріне сәттілік тіледі.
Әр әскери қызметшіге алғыс хат пен естелік сыйлық табысталды. Мұндай рәсімнің тәрбиелік мәні жоғары. Жауынгерлік тумен қоштасу әскери өмірдің бір кезеңін аяқтап қана қоймай, жас азаматтың ел алдындағы міндетін орындағанын көрсетеді. Әскерден өткен жас тәртіп, төзім, жауапкершілік және ұжымдық рух сияқты қасиетті бойына сіңіреді.
Баспасөз турының соңында БАҚ өкілдері әскери теңізшілердің тұрмыс жағдайымен және күнделікті қызметімен танысты. Ақтау гарнизонындағы сапар бір нәрсені анық көрсетті: қазіргі әскери дайындық бұрынғы қалыппен шектелмейді. Дрон операторы, сүңгуір, теңіз жаяу әскері, техникалық маман және командир бір жүйенің ішінде әрекет етеді. Теңіздегі қауіпсіздік тек кемемен өлшенбейді. Ол технологиямен, дайындықпен, тәртіппен және адам факторымен бекитін күрделі қорғаныс мәдениетіне айналып келеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







