Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы Таяу Шығыстағы күрделі дипломатиялық кеңістікте Астананың теңгерімді ұстанымын тағы бір мәрте көрсетті. Бұл шешім бір қарағанда Израильмен байланысты қалыпқа келтіру қадамы секілді көрінуі мүмкін. Бірақ Қазақстан үшін оның мазмұны әлдеқайда кең. Мұнда бір жағынан өңірлік тұрақтылыққа үлес қосу ниеті тұрса, екінші жағынан Палестина халқының егемен мемлекет құру құқығына қатысты бұрынғы ұстанымнан бас тартпау қағидасы сақталып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылатыны туралы ақпарат АҚШ-тағы Орталық Азия саммиті қарсаңында жарияланған болатын. Сол кезде бұл қадамды көбіне символдық сипаттағы шешім деп бағалады. Себебі Қазақстан Израильмен дипломатиялық және экономикалық байланысты 1992 жылдан бері сақтап келеді. Яғни Астана үшін бұл Израильмен қатынасты жаңадан бастау емес, бұрыннан бар байланысты жаңа көпжақты формат аясында жалғастыру.
Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуын бастаманың беделін көтеруге бағытталған символдық қадам деп айта салуға келмейді. Бұл шешім қорғаныс, киберқауіпсіздік, энергетика және азық-түлік технологиялары сияқты салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуі мүмкіндің болып саналады.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми мәлімдемесінде бұл шешім елдің теңгерімді, конструктивті және бейбіт сыртқы саясатына толық сәйкес келетінін жария еткен болатын. Министрлік Ибраһим келісімдеріне қосылу Қазақстанның барлық мүдделі мемлекетпен ынтымақтастығын нығайтуға ықпал ететінін және елдің стратегиялық мақсаттарымен үйлесетінін атап өтті.
Бұл жерде Астана өз қадамын бір тарапқа қарсы бағытталған таңдау ретінде емес, көпжақты диалогты кеңейту құралы ретінде түсіндіріп отыр.
Таяу Шығыс мәселесінде Қазақстанның ұстанымы екі қабаттан тұрады. Бірінші қабат өңірдегі шиеленісті азайту, дипломатиялық процестерді қолдау және халықаралық құқыққа сүйенген келіссөзді ілгерілету. Екінші қабат, Палестина мәселесінде бұрыннан қалыптасқан позицияны сақтау.
Қазақстан Палестина халқының өз мемлекетін құру құқығын қолдайтынын бірнеше рет білдірген. Сондықтан Ибраһим келісімдеріне қосылу Палестина тақырыбынан бас тарту дегенді білдірмейді. Керісінше, Астана Израильмен де, араб және мұсылман елдерімен де сөйлесе алатын дипломатиялық кеңістік қалыптастыруға ұмтылып отыр.
Қазақстан дипломатиясына тән көпвекторлы тәсіл. Астана халықаралық дауларда көбіне бір жақтың ұранын қайталаудан гөрі, байланыс арнасын сақтауға мән береді. Себебі Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы тұрақтылық тек алыс аймақтағы жаңалық емес. Мұнай бағасы, көлік дәліздері, азық-түлік қауіпсіздігі, ислам әлемімен байланыс, халықаралық ұйымдардағы дауыс және жаһандық сенім бәрі осындай күрделі дипломатиялық процестермен сабақтас.
Бейбітшілік пен сенімнің жаңа көпірі
Ибраһим келісімдері 2020 жылы Израиль мен бірқатар араб және мұсылман елдері арасындағы қатынасты қалыпқа келтіру бастамасы ретінде пайда болды. Оған Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн, Марокко және Судан қосылғаны белгілі. Қазақстанның осы форматқа енуі географиялық тұрғыдан Таяу Шығыстан тыс жатқан елдің де бейбіт диалогқа қатыса алатынын көрсетеді.
АҚШ үшін бұл шешім Орталық Азиямен байланысты тереңдетудің де бір жолы ретінде қарастырылды. Қазақстанның бұл форматқа қосылуы Газадағы соғыс басталғаннан кейін Ибраһим келісімдерінің алғашқы кеңеюі болуы мүмкін шетелдік басылымдар жазғанын білеміз.
Қазақстан Израильмен диалог жүргізе алады, бірақ Палестина мәселесін ұмытпайды. АҚШ бастамасын қолдай алады, бірақ мұсылман әлеміндегі әріптестермен қарым-қатынасты әлсіретпейтін маңызды ел. Осындай дипломатиялық тепе-теңдік Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі ерекшелігі болып қала береді.
Қазақстанның Таяу Шығысқа қатысты саясатының басты құны сөйлесу мүмкіндігін сақтауында. Қазіргі әлемде көптеген ел бір-бірімен байланыс арнасын үзіп, айыптау мен қарсы мәлімдеме шеңберінен шыға алмай отыр.
Ал Астана дауға қатысушылармен де, арағайындыққа ұмтылатын мемлекеттермен де, халықаралық ұйымдармен де байланысын сақтауға тырысады. Бұл кейде тым сақ саясат сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ күрделі геосаяси кезеңде сақтықтың өзі тұрақтылықты қорғаудың бір амалы.
Түптеп келгенде, Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы елдің сыртқы саясаттағы кеңістігін кеңейтеді. Бұл қадам Израильмен бұрыннан бар қатынасты жаңа дипломатиялық форматқа енгізеді, АҚШ-пен және Таяу Шығыстағы бірқатар елмен байланысқа қосымша арна ашады, технологиялық серіктестікке мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Астана Палестина мәселесіндегі бұрынғы ұстанымын сақтап, дағдарыстарды саяси-дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін алға тартуы тиіс.
Қазақстан үшін ең дұрыс жол келісімдерге қосылып, әлемде бейбітшілікті нығайтуға күш салады. Өңірдегі тұрақтылық, Палестина халқының құқығы, Израильмен прагматикалық байланыс және халықаралық құқыққа құрмет бір-біріне қарсы қойылмауы керек. Егер Астана осы төрт бағытты тең ұстай алса, Ибраһим келісімдері Қазақстан дипломатиясының жаңа сынағы ғана емес, жаңа мүмкіндігіне де айналуы мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







