Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов Премьер-Министр Олжас Бектеновке Арал мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Депутат сауалында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана саммитінде Арал мәселесіне арнайы тоқталып, су ресурстарын тиімді басқару, цифрландыруды енгізу және трансшекаралық өзендер бойынша келісілген саясат жүргізудің маңызын нақты айқындағанын атап өтті. Оның айтуынша, Арал тағдыры елдің болашағына қатысты байыпты мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты болып қала береді.
М. Жайымбетов Арал мәселесі Президенттің тұрақты назарында екенін айтты. Осы бағытта өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті халықтың тұрмыс сапасын көтеруге арналған жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Аймақта жол, су және әлеуметтік нысандардың жаңаруы күрделі өңірдегі түйткілдердің кезең-кезеңімен шешіліп келе жатқанын көрсетеді. Құрғаған теңіз табанында сексеуіл егу, мелиорациялық шаралар жүргізу табиғи ортаны қалпына келтіруге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.
Дегенмен депутат ілгерілеумен қатар уақыт күттірмейтін күрделі мәселелер де бар екенін жеткізді. Оның пікірінше, Арал тағдыры тек бір өңірдің экологиялық мәселесі ретінде қаралмауы керек. Теңіз тағдыры табиғатқа, халық денсаулығына, ауыл шаруашылығына, су қауіпсіздігіне және тұтас Орталық Азиядағы экологиялық тепе-теңдікке әсер ететін ортақ жауапкершілікке айналған.
Сауалда Қазақстан тарапынан атқарылған ірі жұмыстар да келтірілді. 2002-2008 жылдары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп іске асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасы өңірге нақты нәтиже берген.
Жоба аясында Сырдария өзенінің өткізу қабілеті секундына 350 текше метрден 700 текше метрге дейін артқан. Солтүстік Арал теңізінің көлемі 15,6 текше шақырымнан 27,1 текше шақырымға дейін ұлғайған. Тұздылық деңгейі 23 грамм/литрден 12 грамм/литрге дейін төмендеп, балық аулау көлемі 400 тоннадан 8 мың тоннаға дейін өскен.
Қазіргі таңда осы жобаның екінші кезеңі қарастырылып жатыр. Ол Көкарал бөгетін Балтық жүйесі бойынша 42 метрден 44 метрге дейін көтеруді, дельта экожүйесін тұрақтандыруды, дренаж суларын сулы-батпақты алқаптарға бұруды, Қызылорда және Түркістан облыстарындағы ирригациялық жүйелерді жаңғыртуды қамтиды.
Жоба аясында 180 іс-шара жоспарланған. Жалпы құны 700 млрд теңгеден асады. Күтілетін нәтиже бойынша Солтүстік Арал ауданы 3151 шаршы шақырымнан 3913 шаршы шақырымға дейін, су көлемі 27 текше шақырымнан 34 текше шақырымға дейін артуы мүмкін.
М. Жайымбетов «AMANAT» партиясы Арал мәселесін тұрақты бақылауда ұстап отырғанын атап өтті. Партия Жол картасы аясындағы бастамаларды жүйелі іске асырып, өңірдің экологиялық және әлеуметтік түйткілдерін шешуге бағытталған нақты жұмыстардың жүзеге асуына ықпал етіп келеді.
Аралды құтқарудың жаңа кезеңі
Осыған байланысты депутат Үкімет басшысына бірнеше ұсыныс жолдады. Біріншіден, Солтүстік Арал теңізін сақтаудың екінші кезеңін жедел іске асырып, Көкарал бөгетін 2 метрге көтеру жобасын толық қаржыландыру және аяқтау қажет. Осы арқылы теңізге жыл сайын кемінде 4 млрд текше метр кепілдендірілген су жеткізіп, тұздылық деңгейін 10 промилледен асырмайтын тұрақты экожүйелік режим қалыптастыру ұсынылды.
Екіншіден, су ресурсын тиімді пайдалану үшін ирригациялық жүйелерді жаңғырту, су шығынын азайту және су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша мемлекетаралық үйлестіруді күшейту керек. Су тапшылығы күшейіп тұрған кезеңде әр текше метр судың есебі нақты болуы тиіс.
Үшіншіден, трансшекаралық су келісімдерін күшейту арқылы тұрақты су режимін қалыптастыру маңызды. Депутат Орталық Азия мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдармен су ресурстарын тұрақты басқару бағытындағы ынтымақтастықты тереңдету қажет екенін айтты.
Төртіншіден, құрғаған теңіз табанында сексеуіл және тұзға төзімді өсімдік отырғызу көлемін ұлғайту ұсынылды. Сонымен қатар олардың жерсінуін қамтамасыз ету, тұрақты мониторинг жүргізу, шаң-тұздың таралуын азайту арқылы экологиялық және денсаулыққа қатысты қатерді төмендету маңызды.
Бесіншіден, Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін балық шаруашылығын жүйелі дамыту, су қоймаларын жаңғырту және алдағы уақытта Есіл-Торғай-Арал жобасын кезең-кезеңімен іске асыру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Депутаттың сауалы Арал мәселесін тек экология шеңберінде емес, ұлттық су қауіпсіздігі, өңірлік даму және халықтың тұрмыс сапасы тұрғысынан қарауға шақырады. Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңі жүзеге асса, өңірдегі табиғи ортаға ғана емес, балық шаруашылығына, ауыл шаруашылығына және жергілікті экономиканың жандануына да серпін беруі мүмкін.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







