Қазақстанда радиоактивті қалдықтарды бақылауға арналған жеке жүйе құрылып, оларды шетелден әкелуге тыйым салынуы мүмкін, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мәжіліс «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Құжат елдегі қауіпті қалдықты есепке алу, сақтау, тасымалдау, көму және ұзақ мерзімді бақылау тәртібін бір жүйеге түсіруге бағытталған.
Депутат Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, Қазақстанда жыл сайын радиоактивті қалдық көлемі өсіп келеді. Кеңес кезеңінен қалған бірқатар нысанда қорғаныш қабаты бүлінген, эрозия жүріп жатыр, инфрақұрылым тозған, ал бақылау деңгейі жеткіліксіз. Кей объект бойынша жауапты ұйым мен баланс ұстаушы әлі күнге дейін нақты анықталмаған.
Депутат қазіргі заңнама осы саланың барлық мәселесін толық қамти алмай отырғанын айтты. Себебі радиоактивті қалдыққа қатысты нормалар әртүрлі заңда шашыраңқы орналасқан. Соның салдарынан есеп жүргізу, сақтау, тасымалдау, көму және кейінгі бақылау мәселесінде құқықтық олқылық пайда болады. Жаңбыршиннің сөзінше, осы факторлар елге толыққанды мемлекеттік реттеу жүйесі қажет екенін көрсетті.
Заң жобасы радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласында лицензиялау мен мемлекеттік қадағалауды енгізуді көздейді. Сонымен қатар көму пункттерін салу және жабу тәртібі реттеледі. Қауіпті объектілерге ұзақ мерзімді мониторинг күшейтіліп, радиоактивті қалдықтардың мемлекеттік тізілімі жасалады.
Радиация мен жауапкершілік
Құжаттағы маңызды норманың бірі – радиоактивті қалдықты басқа мемлекеттен Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салу. Мұндай шектеу экологиялық қауіпсіздік пен ұлттық бақылау жүйесін күшейту үшін қажет деп түсіндіріліп отыр.
Алайда заң жобасына қатысты ескертулер де айтылды. Депутат Бақытжан Базарбек құжатта Экологиялық кодекспен үйлеспейтін тұстар бар екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, заң жобасында радиоактивті қалдықтарды сақтау және көму пункттерінің кадастры деген ұғым енгізілген. Бірақ Экологиялық кодексте мұндай түсінік жоқ.
Базарбек құжатта Экологиялық кодекске нақты сілтеме берілмегенін де сынға алды. Оның пікірінше, радиоактивті қалдық секілді жоғары тәуекелді салада негізгі экологиялық талаптар міндетті түрде ескерілуі керек.
Сонымен бірге радиоактивті қалдықтарды жіктеуге қатысты кей норма қолданыстағы заңнамамен сәйкес келмейді. Мұндай қайшылық кей заттардың реттеу аясынан тыс қалып қоюына әкелуі мүмкін.
Депутат аталған олқылықтарды екінші оқылымға дейін түзету қажет екенін айтты. Яғни заң жобасы бірінші оқылымнан өткенімен, алда экологиялық, құқықтық және техникалық тұрғыдан нақтылау жұмысы жүргізілуге тиіс.
Радиоактивті қалдық мәселесі Қазақстан үшін жай ғана өндірістік тақырып емес. Ел аумағында кеңестік кезеңнен қалған ядролық және радиациялық мұра бар. Мұндай нысандарға бақылау әлсіресе, қауіп тек белгілі бір кәсіпорынмен шектелмей, жер, су, халық денсаулығы және болашақ ұрпақ қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін.
Сондықтан жаңа заң жобасының негізгі салмағы қауіпті қалдықты бір орталықтан есепке алу, жауапты тарапты нақты белгілеу және ұзақ мерзімді бақылауды күшейтуге түсіп отыр. Ендігі міндет – құжатты Экологиялық кодекспен үйлестіріп, құқықтық олқылық қалдырмай қабылдау.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







