Соңғы уақыттары Кремльдің соғыстан шығу жолын іздеп жатқаны, оны қоғамға қалай түсіндіру керектігі туралы түрлі болжам айтыла бастады. Бірулер Путинге қарсы астыртын жоспар туралы айтса, енді бір жерде Сергей Кириенко мен күштік құрылымдар арасындағы ішкі тартыс сөз ете бастады. Мұндай әңгімелердің бәрін дайын сценарий ретінде қабылдау қиын. Бірақ оларды мүлде елемеу де дұрыс емес. Себебі мұндай ақпараттың артында ұзақ соғыстан қажыған жүйенің нақты психологиясы жатыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Кез келген қоғам ұзақ соғыстан шаршайды. Әсіресе соғыстың мақсаты мен нәтижесі көмескілене бастағанда, шаршау күшейеді. Путин жүйесі дәл осындай кезеңге аяө басты. Соғыстың алғашқы екі жылында Ресей қоғамының бір бөлігі белгілі бір экономикалық «бонус» сезінді.
Әскери тапсырыс артты, қорғаныс өнеркәсібіне тәуелді аймақтарда ақша айналымы көбейді, бұрын тоқырап тұрған кей өндіріс жанданды. Кремль мұны «соғыс экономикасы елді қайта іске қосты» деген риторикамен әспеттеді.
Үнсіз күмән күшейіп жатыр
Алайда 2025 жылдан бастап осы модельдің шегі көріне бастағанын білеміз. Негізгі сұрақ сол экономика халықтың әлеуметтік күтіміне қаншалық жауап бере алады. Соғыс экономикасы түрлі әлеуметтік топтың сұранысы өзгеріп жатыр. Бірі тұрақты табыс күтеді, бірі соғыстың аяқталуын қалайды, енді бірі мемлекеттен бұрынғыдай қауіпсіздік пен болжамдылық талап етеді. Соғыс ұзара берген сайын осы сұраныстардың арасы алшақтай түскені анық.
Сондықтан Кремль маңында «сызат пайда болды» деген әңгіме толық ойдан шығарылған деуге келмейді. Бірақ оны элитаның ашық бөлінуі немесе Путинге қарсы ұйымдасқан қастандық ретінде көрсетуге де негіз жоқ.
Шойгу секілді тұлғалардың қандай да бір төңкеріс ұйымдастыруы шынайы сценарийге ұқсамайды. Ресей саяси жүйесінде басқа көзқарасы бар адам үшін ең ықтимал жол елден кету немесе денсаулығын сылтауратып, тыныш отставкаға шығу. Соңғы жылдары мұндай мысалдар болды.
Қазір Ресей элитасының ішінде Путинге балама ретінде ашық саяси ұсыныс жасаған күш жоқ. Оның орнына Мемлекеттік дума сайлауына дайындық жүріп жатыр. Сол баяғы партиялар, сол баяғы басқарылатын саяси алаң. Олар қоғамға нақты жаңа бағдар ұсынбайды.
Кремль тұрғысынан мұндай партиялардың рөлі басқа. Олар халықтың шаршауын жұмсартып, наразылықты қауіпсіз арнаға бұрып, жүйені өзгертпей ұстап тұруды көксейді. Яғни саяси институттан гөрі психологиялық буфер қызметін атқарады.
Дегенмен үш ірі топтың көңіл күйі маңызды бола бастады. Біріншісі – күштік құрылымдар. Екіншісі – азаматтық бюрократия. Үшіншісі – ірі, мемлекетпен тығыз байланысқан бизнес өкілдері. Ресейдегі нақты шешім қабылдау жүйесіне дәл осы топтар ықпал етеді.
Қазір осы ортада жаңа белгілер бар. Бірақ олар Путин биліктен айырылады немесе 2026-2027 жылдары постпутиндік кезең басталады деп кесіп айтуға себеп жоқ.
Элита соғыстан кейінгі кезеңге дайындалуда
Күштік құрылымдар соғыстың созылуынан шаршауы мүмкін, бірақ олар жүйенің басты тірегі болып қала береді. Азаматтық бюрократия санкция, бюджет қысымы, аймақтық міндеттеме және халықтың әлеуметтік талабымен бетпе-бет келіп отыр.
Ал ірі бизнес бір жағынан мемлекетке тәуелді, екінші жағынан ұзақ оқшауланудың құнын жақсы түсінеді. Осы үш топтың ешқайсысы қазір ашық балама ұсынуға дайын емес. Бірақ олардың ішіндегі үнсіз күмән көбейген сайын Кремльге түсетін қысым да артады.
Путин үшін ең қиын мәселе соғыстың нақты мақсатын түсіндіру. Бұрын Кремль қоғамға үлкен жеңіс символын ұсынып келді. Қырым аннексиясы, Сириядағы операция, Батысқа қарсы тұру риторикасы бәрі ішкі саяси консенсусты ұстап тұруға қызмет етті. Ал Украинадағы соғыс қысқа жеңіске айналмады. Майдан созылды, мақсат бұлыңғырланды, шығын көбейді, ал қоғамға ұсынылатын жаңа «тарихи табыстың» қарасы көрінбей тұр.
Сондықтан соғыстан шығу жолы туралы әңгіме көбейеді. Бірақ Кремль осы жайтты халыққа қалай түсіндірерін білмей басы қатып отыр. Егер соғыс жеңіспен аяқталмаса, онда көп жылдық құрбандық пен шығынның мәнін түсіндіру қиынға соғады. Егер соғыс жалғаса, халықтың шаршауы мен элитаның үнсіз күдігі ұлғая түсетіні белгілі.
Қазіргі Ресейде ашық саяси дағдарыс жоқ. Бірақ ұзақ соғыстың ішкі қысымы жиналып жатыр. Ол бір күнде төңкеріс түрінде көрінбеуі мүмкін. Керісінше, аппараттағы сақтық, элитадағы үнсіздік, бизнестегі есеп, қоғамдағы шаршау және пропаганданың бұрынғыдай әсер етпеуі арқылы байқалатыны сөзсіз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







