Белгілі шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова Қазақстан шахмат федерациясын сынға алып, спортшылардың тұрақты жалақыдан қағылғанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Таңжарықованың айтуынша, Тимур Турлов басшылыққа келгеннен кейін спортшылар бұрынғы ай сайынғы еңбекақыларынан толық айырылып, тек грантқа тәуелді болып қалған.
«Турлов келгенге дейін федерация спортшыларға жалақы төлейтін. Ересектерге көбірек, балаларға азырақ. Бұған қосымша гранттар да қарастырылған еді. Қазір тек гранттар қалды, оның өзі бұрынғыдан аз. Доллардың қазіргі курсын ескерсек, тіпті төмендеп кетті деуге болады», – дейді Таңжарықова.
Оның айтуынша, қазір әлем чемпионы, ұлттық құраманың үздік спортшыларының гранты 70 миллион теңге. Бұл сомадан 30 пайыз салық ұсталса, спортшының қолына жылына небәрі 49 миллион теңге ғана тиеді.
«Шын мәнінде, бұл 100 мың долларға да жетпейді. Ал енді осыған қосымша ешқандай стипендия не жалақы берілмейді», – деді Таңжарықова.
Бұдан бөлек…
Спортшының анасы сыйақы мәселесінің де өте қиын екенін айтты. Ол Бибісараға тиесілі әрбір премияны өзі арнайы талап етіп, дау-дамай, наразылықпен ғана ала алатынын жеткізді.
«Біз ешқашан сыйақыны оңай алып көрмеппіз. Федерациядан ешкім келіп: «Сіздер керемет жетістікке жеттіңіздер, марапат сіздерге тиесілі» деп айтқан емес. Әр сыйақыны мен айқай-шумен, дау-дамаймен алып жүрмін», – дейді ол.
Сондай-ақ, федерацияда штат санының бұрынғыдан күрт өскені де сөз болды. Лиана Таңжарықованың сөзіне қарағанда, Исекешев пен Ғалымжан Есенов тұсында федерацияда бар-жоғы 4-8 адам қызмет істесе, қазір олардың саны 100 адамға жуықтаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Мен ата-аналарға мынаны айтқым келеді: осы күрделі, ауыр жолды жалғыз өзім салып келемін. Мен атқарып жүрген ұйымдастыру жұмысы сіздердің балаларыңыздың болашақ жетістіктеріне жол ашады», – деді ол.
Үш жыл бұрын не болып еді?
Бұған дейін Таңжарықова үш жыл бұрын Турловты федерация басшысы ретінде қолдағанын да еске алды. Сол кезде Бибісараның командасы шахматты дамытуға бағытталған төрт жылдық нақты жоспар ұсынған.
Алайда Лондонда өткен жеке кездесуде Турлов «Мен миллиардер емеспін, барлық ақша компаниянікі, сондықтан сенің ұсынысыңнан бас тартамын», – деп жауап беріпті.
Айта кетейік, Бибісара Асаубаева блиц бойынша үш дүркін әлем чемпионы. 2026 жылы ол Претенденттер турнирінде екінші орын алған еді. Федерацияны басқаратын Тимур Турлов Forbes дерегі бойынша 6,3 миллиард доллар дәулетімен танымал.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







