Астанада «AMANAT» партиясының Кәсіпкерлер қанаты энергетика саласының өкілдерімен кездесіп, тариф, инвестиция, кадр және инфрақұрылым мәселелерін талқылады, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынға Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, Мәжіліс депутаттары, салалық қауымдастықтар мен энергетикалық компаниялардың басшылары қатысты.
Партияның өңірлік филиалдары бейнеконференцбайланыс арқылы қосылды. Қазір елдегі энергетика саласында шамамен 100 мың адам еңбек етеді. Сондықтан бұл сектордағы кез келген шешім тек өндіріс қуатына ғана емес, еңбек адамының табысына, өңірлердің тұрақтылығына және қарапайым тұрғынның жарығы мен жылуына тікелей әсер етеді.
Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов энергетика елдің орнықты дамуы үшін стратегиялық сала екенін атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы бұл бағытта салдардың соңынан жүруді емес, жүйелі жаңғыртуға көшуді міндет етіп қойды.
Соңғы жылдары энергетикадағы қордаланған мәселе ашық айтылып, реттеу, инвестиция тарту, жауапкершілікті күшейту және ұзақмерзімді жоспарлау жұмысы қолға алынды.
Ерлан Қошанов салада тиімді тепе-теңдік қажет екенін айтты. Бір жағынан, энергетикалық инфрақұрылымды жаңарту үшін инвестиция керек. Инвесторға түсінікті ереже, болжамды тариф, қаржы қайтарымына сенім қажет.
Екінші жағынан, тариф саясатының әділдігі, азаматтардың мүддесі, әлеуметтік тұрақтылық және табысы төмен отбасыларға атаулы қолдау көрсету мәселесі де назардан тыс қалмауы тиіс. Яғни энергетиканы жаңғырту халыққа шамадан тыс ауыртпалық түсірмей жүргізілуі керек.
Энергетикадағы жаңа саясат
Энергетикадағы басты түйіннің бірі – тариф пен инвестиция арасындағы байланыс. Жылдар бойы желілер мен станциялардың тозуы өсіп, салаға жеткілікті қаржы салынбады. Енді инфрақұрылымды жаңарту үшін тарифтік саясатты қайта қарау қажет.
Бірақ бұл қадам қоғамға түсінікті, ашық және әділетті болуы тиіс. Тариф өссе, оның нақты қай нысанды жөндеуге, қандай жабдықты жаңартуға, қай желіні ауыстыруға жұмсалғаны айқын көрінуі керек.
Қазір салада жүйелі өзгеріс басталды. Алғаш рет «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданды. Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға, көмір генерациясын дамытуға бағытталған ұлттық жобалар іске асырылып жатыр. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы енгізілді.
Тарифтік және инвестициялық саясат қайта қаралып, нысандардың техникалық жай-күйін қадағалау күшейтілді. Жаңа қуат көздері іске қосылып, желілік инфрақұрылымды дамыту жұмысы жалғасуда. Нәтижесінде технологиялық ақаулар саны азайып, қызыл аймақтағы жылу электр орталықтарының қатары қысқарғаны айтылды.

«AMANAT» фракциясы бұл салаға заңнамалық тұрғыдан қолдау көрсетіп келеді. Ерлан Қошанов депутаттар энергетика қызметкерлерінің жалақысын өңірдегі орташа салалық деңгеймен байланыстыруға бастамашылық еткенін атап өтті.
Соның нәтижесінде кейінгі екі жылда сала қызметкерлерінің еңбекақысы 40 пайызға өскен. Бұл маңызды қадам. Себебі энергетикадағы тұрақтылық тек станция мен желіге емес, сол жерде жұмыс істейтін маманға да байланысты.
Кадр мәселесі энергетика үшін ең өткір тақырыптың бірі болып отыр. Салада тәжірибелі инженер, техник, оператор, жөндеуші, энергетик және басқарушы кадр қажет. Егер еңбекақы төмен, жұмыс жағдайы ауыр, кәсіби өсу жолы түсініксіз болса, жастар бұл салаға көп бармайды. Ал кадрсыз ең қымбат жабдықтың өзі толық нәтиже бермейді. Сондықтан жалақы, еңбек қауіпсіздігі, оқыту және маман мәртебесі энергетикадағы жаңғыртудың ажырамас бөлігі болуы керек.
Тарифті инвестицияға айырбастау
Жиында инвестициялық жобаларға қатысты рәсімдерді жеңілдету және экологиялық келісім алу мерзімдерін оңтайландыру бойынша түзетулер әзірленгені айтылды. Сондай-ақ тұлғалар тобына кіретін компаниялар үшін негізгі жабдықтарға инвестициялық келісімдер жасау мүмкіндігін енгізу ұсынылып отыр.
Энергиямен жабдықтаушы компаниялардың қызметін лицензиялау да жоспарланған. Бұл түзетулер кәсіби қауымдастықтың сұранысына жауап ретінде дайындалды және оларды осы сессия аяқталғанға дейін қабылдау көзделген.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов дәстүрлі және жаңартылатын энергетиканы қатар дамыту арқылы қуат көздерін арттыру жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, бүгінде еліміздің энергожүйесінде 245 қуат көзі бар, соның 166-сы – жасыл энергетика нысаны.

2035 жылға дейінгі энергетика саласын дамыту жоспары аясында қуатты 26 ГВт-тан асыру көзделіп отыр. Жобалар уақытылы іске асса, алдағы жылдары экономикадағы электр энергиясына сұранысты толық өтеуге және тұрақты профицит қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Бұл жерде маңызды мәселе бар. Қазақстан экономикасы өссін десек, өндіріс, көлік, цифрлық инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, қала құрылысы және жаңа технологиялар тұрақты энергияға сүйенуі керек.
Электр қуаты жетіспеген жерде инвестиция да, жаңа зауыт та, цифрлық жоба да толық дамымайды. Сондықтан энергетика саласын жаңғырту – бүкіл экономиканың алдағы мүмкіндігін анықтайтын базалық шарт.
Энергетикадағы жаңа ойын ережесі
Кездесуде ұзақмерзімді әрі болжамды тарифтік саясат, қуат көздері мен желілердің тозуы, ірі жүйеқұраушы энергетикалық жобаларға қатысты әкімшілік кедергілерді азайту, көміртегі квоталарының ұлттық жоспарын мемлекеттік бағдарламалармен үйлестіру сияқты мәселелер көтерілді.
Бұл тақырыптардың бәрі бір-бірімен байланысты. Экологиялық талап күшейген сайын энергетикалық компанияларға жаңа технология енгізу керек. Ал жаңа технология қаржы мен ұзақмерзімді жоспарлауды қажет етеді.
Сала өкілдері де өз ұсыныстарын айтты. «ОАЭК» АҚ акционері Сергей Кан, «ҚКЖ» ЖШС акционері Дінмұхаммед Ыдырысов, «Қаражыра» АҚ басқарма төрағасы Ильяр Низамов, МАЭК бастауыш партия ұйымының жетекшісі Анатолий Жданов, Екібастұз МАЭС-1 бастауыш партия ұйымының төрағасы Серік Серьянов, Қазақстан электрэнергетикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Талғат Темірханов және өзге де қатысушылар саланың нақты проблемаларын ортаға салды.

Кездесу соңында энергетикалық компаниялардың бірқатар өкілі «AMANAT» партиясына қосылды. Олардың қатарында «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Нәби Айтжанов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов, «Шардара СЭС» АҚ басқарма төрағасы Рашид Есхожин, «ГРЭС-2» АҚ басқарма төрағасының жалпы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Гаухар Нұғманова және басқа да азаматтар бар.
Сонымен бірге энергетика саласының бір топ өкілі ел экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін партияның «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Мұндай марапаттың символдық мәні бар. Энергетиктер көбіне көзге көп көрінбейтін, бірақ ел өмірін ұстап тұрған саланың өкілдері. Қаладағы жарық, ауылдағы электр, қыстағы жылу, өндірістегі қуат солардың еңбегімен байланысты.
Бұл кездесу партия, Үкімет, депутаттар және энергетика қауымдастығы арасындағы диалогтың жаңа форматын көрсетті. Ендігі басты міндет айтылған ұсыныстарды нақты шешімге айналдыру.
Салаға инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту, кадр тапшылығын азайту, тариф саясатын әділ түсіндіру және тұтынушы мүддесін қорғау қатар жүруі тиіс.
Энергетикадағы жаңғырту кешіксе, оның салдарын бүкіл экономика сезеді. Ал жүйелі, ашық және жауапты жүргізілсе, елдің өндірістік қуаты артады, жаңа жобаларға жол ашылады, тұрғындардың жарық пен жылуға сенімі күшейеді. Сондықтан бүгінгі талқылаудың бағасы бір ғана жиынмен емес, ертеңгі нақты нәтижемен өлшенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







