Алматыда жастардың креативті ойлауын дамытуға және шығармашылық индустриядағы жаңа бастамаларды қолдауға арналған «ALMATY CREATIVITY STEP 2026» форумы өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Іс-шара Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы жастарының «Қазақстан жастары – креатив амбассадоры» бағдарламасын қорытындылады. Бағдарлама екі ай бұрын басталып, 1000-нан астам жасты қамтыды. Осы уақыт ішінде креативті ойлау қабілетін дамытуға бағытталған 30-дан астам тренинг өткізілді.
Форумды Алматы қаласындағы «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі ұйымдастырды. Іс-шара Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының, Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қолдауымен өтті. Сонымен қатар G35 студенттік өзін-өзі басқару көшбасшылары ұйымы, Алмалы және Медеу аудандарының жастар комьюнити-орталықтары бірлесіп атсалысты.
Форум «Алматы қаласын дамытудағы креатив» және «Жастар ортасындағы креативті индустрияның келешегі» тақырыптарындағы панельдік сессиялармен басталды. Жиында қалалық мәслихат депутаты Руслан Идрисов, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Асқат Қабашев, VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Вакиль Набиев, «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы, Қоғамдық кеңес мүшесі Ділдәбек Дидарбек, Алматы қаласы жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры директорының міндетін атқарушы Бағдат Анарбаева, жас ғалым Әкежан Кеңесов және басқа да спикерлер пікір білдірді.
Панельдік сессияларды Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшесі Рустам Қайрыев пен тележүргізуші, «Қазақша speaking club» жобасының негізін қалаушы Ольга Спирина жүргізді.
Талқылау барысында қатысушылар креативті индустрияны дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Әсіресе қала инфрақұрылымын жаңаша ойлау арқылы дамыту, туризм, IT, маркетинг, жастардың бос уақыты, мәдени орта және әлеуметтік жобаларға креативті тәсіл енгізу мәселелері кеңінен қаралды.
Жастар идеясы – болашақтың негізі
Форумның екінші бөлігінде әлеуметтік креативті жобалар байқауы өтті. Оған экология, мәдениет, білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және өзге де бағыттар бойынша жастардың стартап идеялары ұсынылды. Алматыдағы түрлі жоғары оқу орындары мен колледждерден келген жас стартаперлер өз жобаларын қазылар алқасына таныстырды.

Жалпы 200 стартап ішінен үздік 10 жоба іріктелді. Олардың қатарында «Landscapes of the future», «EcoBin», «VibesWork», «Antikrizis Plus», «Аудио кітап», «AI Quartet», «Qamcore AI», «Noilence», «Eco scan» және «Komek app» жобалары бар.
Қазылар алқасының шешімімен бірінші орынды Алматыдағы SOS балалар ауылының өкілі Айбек Белағаш «VibesWork» жобасымен жеңіп алды. Екінші орын ҚазАТУ студенті Әмір Сәдуақасовтың «Qamcore AI» жобасына берілді. Үшінші орын Print Media колледжінің студенті Ақерке Жолдасбайдың «Аудио кітап» жобасына бұйырды.
Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар – ноутбук, планшет және құлаққап табысталды. Барлық қатысушыға «ALMATY CREATIVITY STEP 2026» форумына қатысқанын растайтын сертификат берілді.
Форум жастар арасында креативті индустрияға қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті. Бүгінгі жас буын үшін креатив тек өнер немесе дизайн саласымен шектелмейді. Ол қала өмірін жақсарту, әлеуметтік мәселені шешу, білім мен технологияны ұштастыру, экологияға жауапкершілікпен қарау және жаңа экономикалық мүмкіндік қалыптастыру құралына айналып келеді.
Алматыдағы бұл бастама жастардың идеясына жол ашып, креативті ойлаудың нақты жобаға, ал жобаның қоғамға пайдалы іске айналуына мүмкіндік берді. Креативті индустрия дамыған сайын жастардың дауысы да, бастамасы да қала өмірінде айқынырақ көріне бастайды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







