Қонаев қаласында Алматы облыстық сотының жаңа ғимараты салына бастады. Бүгін облыс орталығында жаңа нысанның іргетасы қаланып, құрылыс жұмысына ресми түрде старт берілді. Салтанатты шараға ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, уақыт капсуласын салды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жаңа сот ғимаратының жалпы ауданы 12 мың шаршы метрден асады. 5 қабатты нысанда 22 сот залы, жұмыс кабинеттері және жертөле қарастырылған. Қауіпсіздік талаптары толық ескерілген. Құрылыс жұмысы 15 айға созылып, нысан келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Қазір жер қазу жұмыстары басталды. Құрылыс алаңына 40 жұмысшы жұмылдырылған. Алдағы уақытта мамандар саны 100 адамға дейін көбейеді. Бұл жоба сот жүйесінің инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, өңірдегі құрылыс саласына, еңбек нарығына және жергілікті экономикаға да әсер етеді.
Қонаевтағы құрылыс қарқыны мұнымен шектелмейді. Биыл облыс орталығында алты ірі әкімшілік ғимараттың іргетасы қаланады. Бұған дейін қалада инфрақұрылым тарту, су, газ, кәріз жүйесін жүргізу және жобалау жұмыстары атқарылған. Яғни жаңа нысандар кездейсоқ салынбайды, олар Қонаевты толыққанды облыс орталығына айналдыруға арналған жоспарлы жұмыстың бір бөлігі.
Алматы облыстық Құрылыс басқармасының басшысы Жасұлан Оңалбаевтың айтуынша, Қонаевта 6 нысанның құрылысы бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Бұл жобалар мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырып, қаланың сәулеттік келбетін жаңарта түседі.
Жоспар бойынша Қонаевта Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, полиция департаментіне, облыс әкімдігіне қарасты мекемелерге арналған ғимараттар және департаменттер үйі бой көтереді. Осылайша, жоспарлау кезеңінде тұрған жобалар нақты іске асыру сатысына өтті.
Бұл облыс орталығында басқару жүйесін бір жерге шоғырландырып, тұрғындарға көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Қалада әкімшілік нысандармен қатар әлеуметтік және мәдени ғимараттар да салынады. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Драма театры, «Қонаев-Арена» көпфункционалды кешені, 600 орынды кітапханасы бар Оқушылар сарайы және зертханасы бар музей салу жоспарланып отыр. Бұл нысандар Қонаевты тек әкімшілік қала емес, мәдениет, спорт, білім және руханият орталығы ретінде дамытуға бағытталған.
Әділет пен даму символы
Қонаевтың облыс орталығы мәртебесін алуы қалаға жаңа міндет жүктеді. Бұрын демалыс пен туризмге жақын қала ретінде танылған Қонаев енді басқару, іскерлік белсенділік, қоғамдық қызмет және мәдени даму орталығына айналып келеді. Жаңа сот ғимараты мен алдағы ірі жобалар осы өзгерістің нақты көрінісі.
Мұндай құрылыс жұмыстары тұрғындар үшін де маңызды. Әкімшілік ғимараттар мемлекеттік қызмет сапасын жақсартса, мәдени және спорттық нысандар қала өмірін жандандырады. Жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын бизнеске де сұраныс артады. Құрылыс аяқталған сайын Қонаевтың келбеті өзгеріп, облыс орталығы ретіндегі салмағы күшейе түседі.
Қала дамуы тек ғимарат санымен өлшенбейді. Ең бастысы жаңа нысандар халыққа ыңғайлы, қызмет көрсетуге тиімді және қала кеңістігіне үйлесімді болуы керек.
Қонаевта қазір осы бағыттағы үлкен жұмыс басталды. Егер жоспарланған жобалар сапалы әрі уақытында іске асса, қала әкімшілік-іскерлік орталықпен қатар, мәдениет пен руханияттың жаңа алаңына айналады.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







