Шымкентте Қазақстан Халық Кеңесінің қызметі мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мәселелеріне арналған кездесу өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, этномәдени бірлестік жетекшілері мен қоғам белсенділері қатысты, – деп жазады Ertenmedia.kz.
Кездесуде қоғамдық келісімді нығайту, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы байланысты дамыту және өңір тұрғындарын толғандыратын мәселелерді ашық талқылау жолдары қарастырылды.
Сәрсен Құранбек жаңа қоғамдық институттың ел бірлігін сақтаудағы рөліне тоқталды. Ол конституциялық реформалар мен жалпыұлттық құндылықтардың қоғам алдындағы міндеттерді айқындайтынын айтты.
Жиында тәуелсіздік, отаншылдық, әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық пен жаңашылдық ұғымдары ұлттық тәрбиемен сабақтастырылды. Дәстүрді сақтау тек мәдени шара өткізумен шектелмей, күнделікті мінез-құлықтан көрінуі керектігі айтылды.
Қатысушылар салт-дәстүрдің жас ұрпаққа үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, адал еңбек ету және туған жерге жауапкершілікпен қарау қағидаларын сіңіретінін атап өтті.
Этномәдени бірлестіктерге ана тілін, қолөнерді, ұлттық тағам мен отбасылық дәстүрлерді насихаттайтын жобаларды көбейту ұсынылды. Мұндай бастамалар әр этностың мұрасын сақтап, ортақ қазақстандық бірлікті күшейтеді.
«Адал азамат» және «Таза Қазақстан» бастамалары да дәстүрлі тәрбие ұстанымдарымен байланысты қарастырылды. Тазалық, адалдық пен жауапкершілік ұлттық болмыстың ажырамас сипаты ретінде айтылды.
Сонымен қатар мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту және «Қазақ тілі» қоғамының мерейтойлық құрылтайында көтерілген бастамаларды іске асыру мәселесі талқыланды.
Шымкенттен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына Латипша Асанов, Әбдез Иманқұлов және Әлия Юсупова енді. Олар қоғамдық диалогты дамытуға және қала тұрғындарының ұсыныстарын жеткізуге атсалысады.
Кездесуде жастар бастамаларын қолдау, медиацияны дамыту, этносаралық татулықты сақтау және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықты жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды.
Қатысушылар ұлттық мереке, отбасылық тәрбие, өнер және тарихи жадыға арналған ортақ жобаларды көбейту қажеттігін жеткізді. Мұндай жұмыстар дәстүрді өткеннің мұрасы емес, қазіргі қоғамды біріктіретін тірек ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ұрпақ сабақтастығын сақтау және қоғамдық келісімді нығайту бағытындағы жұмысты жүйелі жалғастыру міндеті белгіленді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







