Қазақстанда жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілерге қарсы жаңа баллдық жүйе сынақтан өтіп жатыр, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Премьер Бектенов Сенат депутаттарының сауалына берген жауабында Ішкі істердің Бас прокуратурамен бірге жол қозғалысы ережесін бұзуды балл арқылы есепке алатын жүйені әзірлеп жатқанын мәлімдеді. Пилоттық жоба қазір Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жүргізіліп жатыр.
Жаңа тәртіптің өзегі қарапайым: жүргізуші әр құқықбұзушылық үшін белгілі бір балл алады. Егер бір календарлық жыл ішінде 20 балл жиналса, көлік басқару құқығы алты айға тоқтатылады. Куәлікті қайта алу үшін жүргізуші жол ережесінен емтихан тапсыруға міндетті болады.
Балл тек әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулы заңды күшіне енгеннен кейін ғана есептеледі. Яғни жүргізушінің шешімге шағымдану құқығы сақталады. Жиналған баллдың мерзімі бір жыл болады.
Ең қызығы…
Жаңа жүйе жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға да қатысты болуы мүмкін. Мысалы, жаяу жүргінші немесе жол қозғалысының өзге қатысушысы ретінде 20 балл жинаған адамға да алты ай бойы жүргізуші куәлігін алуға тыйым салу қарастырылған.
Бектеновтің жауабында пилоттық жоба қорытындысы бойынша жүйелі түрде ереже бұзатын адамдарға психологиялық бағалау енгізу мәселесі де қаралатыны айтылған.
Үкімет жол ережесін сақтайтын жүргізушілерге қосымша жеңілдік енгізуді қолдамай отыр. Премьер-министрдің жауабында жол ережесін сақтау жүргізушінің тікелей міндеті екені, оны арнайы артықшылық беретін негіз ретінде қарастыруға болмайтыны жазылған.
Сонымен бірге елде сақтандыру арқылы жанама ынталандыру жүйесі бұрыннан бар. Жолда тәртіп сақтайтын жүргізушілер үшін міндетті автосақтандыру құны төмендейді, ал теріс тарихы бар жүргізушілер үшін сақтандыру қымбаттайды.
Елімізде жол қауіпсіздігі мәселесі соңғы уақытта жиі көтеріліп жүр. Үкімет дерегінше, ел жолдарында орташа жылдамдықты бақылау жүйесі кеңейіп келеді. Қазір мұндай бақылау республикалық маңызы бар 10 учаскеде жұмыс істейді, ал тағы 8 жолда іске қосу жұмыстары жүріп жатыр.
Бұған дейін министр Сәденов Атырау полициясында тазалық жүргізіп, қалалық департамент басшысы абақтыдан бір-ақ шыққан болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







